Теміртауда жергілікті "Оқжетпес-Т" коммуналдық мекемесінің бұрынғы басшысы Ерлан Өтешов сегіз жылға сотталды. Сот оған белгілі бір лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын кесті. Сот сонымен қатар акциясының жүз пайыз үлесі түгел мемлекетке тиесілі "Оқжкетпес-Т" мекемесінің бұған дейін мәлімдеген 14.5 миллион теңге материалдық шығынды өтеу туралы шағымын да қанағаттандырды.
Бұған дейін прокуратура Өтешовті сегіз жылға соттауды және 14,5 миллион теңге өндіріп алуды сұраған. Өтешовтің өкілдері үкімге коментарий беруден бас тартты.
Тергеу мәліметінше, 46 жастағы Ерлан Өтешов жылыту маусымына дайындық кезіндегі жөндеу жұмыстарына пайдалануға жаңа емес, ескі, бұрын қолданылған құбырларды сатып алған. Өткен аптада сотта соңғы сөзін айтқан Өтешов өзіне тағылған айыптарды терістеп, қылмыстық істі "қолдан жасалған" деп атаған.
Сот материалдары бойынша, құбыр қымбаттатылған бағаға сатып алынфп, 27,5 миллион теңге материалдық шығын келтірілген. Сотталушы сатып алынған құбырлардың бұрын пайдаланылғанын білмегенін және ол құбырлардың "іске жарайтынын, я жарамайтынына қатысты дәлел және сараптама болмағанын"айтады.
Прокурор сотта сотталушының ескі құбыр жеткізілетінін алдын ала білгенін айтты. Тергеу ол құбырлардың Өтешовтің ақшасына сатып алынғанын, ал келісімнен түскен 10 миллион 5 мың теңгені Өтешов пен осы істегі өзге сотталушы - ескі құбырларды жеткізген фирманың өкілі Андрей Скляренко бөлісіп алғанын айтады.
Скляренко осы айдың басында процессуалдық келісім жасасып, оның ісі жеке сот өндірісіне алынған.
Ерлан Өтешов 2017 жылы мамырда ұсталған. "Сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде жымқыру" ісі бойынша сот 17 шілдеде басталған. Бұған дейін Теміртау тұрғындары прокуратурадан "Оқжетпес-Т" мекемесінің қызметін және қаржыны жұмсауын тексеруді сұраған. Бірнеше рет өткен тыңдауда тұрғындар тарифтерді "себепсіз қымбаттап жатыр" деп қарсылық танытып, көрсетілетін қызметті сапасыз деп атаған.
Жергілікті кейбір белсенділер бюджет қаржысы мен осы мекеменің тұрғындардан жинаған қаржысы дұрыс жұмсалып жатқанына күмән келтіріп, қоғамдық тыңдау өткізген.