Accessibility links

БАҚ: ЦРУ "Талибанға" қарсы құпия операциясын күшейтеді


Ауған қауіпсіздік күштерінің сарбаздары талибтерден тартып алған ауданда қарауылдап жүр. Ауғанстан, Гильменд уәлаяты, 18 қазан 2017 жыл.
Ауған қауіпсіздік күштерінің сарбаздары талибтерден тартып алған ауданда қарауылдап жүр. Ауғанстан, Гильменд уәлаяты, 18 қазан 2017 жыл.

Америкалық New York Times газеті АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (немесе ЦРУ) "Талибан" содырларымен күресті күшейту үшін Ауғанстандағы құпия операцияларын кеңейтетінін хабарлады. 22 қазанда жариялаған мақаласында басылым америкалық аты-жөнін атамаған жоғары шенді екі шенеунікке сілтеме жасап, ЦРУ содырлармен күрес міндетін атқару үшін ауған күштері қатарына тәжірибелі офицерлер мен жеке мердігерлер тобын жіберетінін айтады.

Мақалада бұл операциялардың ЦРУ-дың арнайы қызмет бөлімінің қадағалауымен іске асырылатыны айтылған. Газет бұл тапсырма президент Дональд Трамптың терроризмге қарсы стратегиясында ЦРУ-дің рөлі артып келе жатқанын көрсететінін жазды.

ЦРУ Ауғанстандағы рөлінің күшейтілуіне қатысты комментарий бермеді. Бұған дейн ЦРУ ауған талибтеріне қарсы тіке ұрысқа қатысудан гөрі "Әл-Қаида" содырларымен күреске және Ауғанстанның барлау қызметіне көмек көрсетуге көп көңіл бөлген.

Дональд Трамп биыл тамызда содырларды іздеуге және олармен күреске салынған шектеуді азайтатынын мәлімдеген. "Кісі өлтірушілер ешқайда жасырына алмайтынын, америкалық күш-қуат пен қарудың қол жетпейтін жері болмайтынын білуі тиіс" деген Трамп.

Соңғы айларда АҚШ әскерилері Ауғанстандағы талибтерге қарсы соққы жасауды, әсіресе ұшқышсыз басқарылатын аппараттар қолдануды күшейткен.

XS
SM
MD
LG