Accessibility links

Тиллерсон ирактықтар мен күрдтерді қайшылықты шешуге шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абадимен кездесіп отыр. Бағдад, 23 қазан 2017 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абадимен кездесіп отыр. Бағдад, 23 қазан 2017 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Бағдадқа алдын ала жарияламастан барған сапарында ирак пен күрдтердің басшыларын елдегі екі тарап арасындағы қайшылықты реттеу үшін диалог орнатуға шақырды. "Біздің Бағдадта да, Ирбилде де достарымыз бар. Біз екі жақты да келіссөз бен диалогқа шақырамыз" деді Тиллерсон 23 қазанда Бағдадқа қысқа уақытқа аялдаған кезінде.

Иракқа сапарына дейін Тиллерсон Ауғанстанға, оның алдында Сауд Арабиясы мен Катарға барған. Тиллерсон Бағдадта Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абадимен кездесіп, "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық ұйымымен күрес мәселесін және Ирак армиясының күрдтердің пешмерга жасақтары ұстап отырған территорияларға бақылау орнату талпынысын талқылады.

Ирак және күрд басшылары арасында келіспеушілік Ирактың Күрдістан аймағы 25 қыркүйекте тәуелсіздік алу туралы референдум өткізген соң пайда болған. Референдумды Бағдад заңсыз деп танып, БҰҰ, АҚШ пен аймақтағы өзге де елдер қарсы шыққан.

Тиллерсонның Бағдадқа барғанға дейін айтқан сөзі аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне түрткі болған. 22 қазанда Сауд Арабиясында осы ел королі Салманмен және Ирак премьерімен кездескен соң Тиллерсон ирандық әскери кеңесшілер мен жасақтардың "үйлеріне қайтып, ирак халқының бақылау орнатуына мүмкіндік беретін" уақыт таяғанын мәлімдеген. "Иракта жүрген ирандық жасақтар "Ислам мемлекетімен" күрес соңына таяғандықтан үйлеріне қайтуы керек" деді Тиллерсон 22 қазанда. Ол "Ирактағы шетелдік жасақтар еліне қайтып, Ирак халқының бақылау орнатуына мүмкіндік жасау керегін" айтқан.

XS
SM
MD
LG