Қазақстандық кондитерлер ассоциациясы мен алкогольсіз сусындар ассоциациясы Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аумағында қантты одақтан тыс елдерден импорттауға тыйым салу ұсынысына қарсы шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы сейсенбіде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қос ассоциация өкілдері мәлімдеді.
Қазақстан кондитерлер ассоциациясының вице-президенті Ерлан Ахметовтің айтуынша, Ресей мен Беларусьтің ірі қант өндірушілері ЕАЭО аумағына қант импортына тыйым салуды ұсынбақ және ол 25 қазанда Ереванда өтетін одақ елдері үкімет басшыларының жиынында көтерілмек. Қазақстандық өндірушілер егер бұл ұсыныс қабылданса, онда шетелдерден импортталатын қантқа 30-дан 40 пайызға дейінгі көлемде баж салығы салынатынын, тиісінше қанттан жасалатын өнімдер, оның ішінде кондитерлік өнімдер мен сусындардың бағасы да осындай мөлшерде қымбаттауы мүмкін екенін айтады. Қазақстандық өнім өндірушілер қазір ЕАЭО келісімі бойынша, сырттан қантты жеңілдікпен, баж салығынсыз импорттайды.
Ассоциялар өкілдері егер қазақстандық өндірушілер қантты ЕАЭО елдерінен ғана сатып алса, онда Ресей және Беларусь қант өндірушілері қоятын бағаға тәуелді болып қалатынын айтады.
Ассоциациялар осыған байланысты қанттың нарықтағы шынайы бағасын сұраныс пен ұсынысқа сай қалыптастыратын Лондон шикізат биржасы сияқты институттарды құруды ұсынады. Сонымен қатар олар ЕАЭО өндірушілерінің ішкі нарықты сапалы қантпен жеткілікті және тұрақты түрде қамти алатынына бірнеше жыл мониторинг жүргізуді де ұсынады.