Accessibility links

Киев Саакашвилидің 20 адамын Украинадан шығармақ


Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Саакашвили Украина Жоғарғы Радасы алдындағы митингіде тұр. Киев, 22 қазан 2017 жыл.
Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Саакашвили Украина Жоғарғы Радасы алдындағы митингіде тұр. Киев, 22 қазан 2017 жыл.

Украинаның мемлекеттік миграциялық қызметі Одесса облысының экс-губернаторы, "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвилидің айналасындағы 20 адамды елден шығармақ. "Интерфакс - Украина" агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко мәлімдеді.

Бас прокурордың ақпаратына қарағанда, Грузия азаматтары "мәдениет қайраткерлері" ретінде тіркелген, ал іс жүзінде Саакашвилидің күзетшілері мен көмекшілері қызметін атқарған. Луценко сонымен қатар қазір бұл адамдардың Украина Жоғарғы Радасы алдындағы демонстранттар лагерінде тұрып жатқанын және "төңкеріс жасауды" жоспарлап жатқанын айтты.

Саакашвили бұған жауабында Жоғарғы Рада алдында наразылық танытып жатқандарға баратынын айтты. Ол оппозицияның барлық жетекшілері мен жақтастарын наразылық акциясына қосылуға шақырды.

Бұған дейін Украина Михаил Саакашвилиге босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Бас прокурор саясаткерді Грузияға депортациялау мүмкін екенін мәлімдеді. Луценко сонымен қатар Саакашвилиді билікті басып алмақ болды деп айыптады.

Биыл шілденің соңында Петр Порошенко Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Грузияда Саакашвилиге қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Саакашвили өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп біледі.

XS
SM
MD
LG