Accessibility links

Ирактағы күрд басшылары референдум нәтижесін "бұғаттауды" ұсынды


Ирак пен оның Күрдістан автономиялық аймағының картадағы орны (Көрнекі сурет).
Ирак пен оның Күрдістан автономиялық аймағының картадағы орны (Көрнекі сурет).

Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының басшылығы 24 қазан күні кешке зорлық-зомбылықтың одан ары шиеленісуінің алдын алып, Бағдадпен диалог орнатуға дем беру үшін өткен айда өткізілген тәуелсіздік туралы референдумның нәтижесін "бұғаттай тұруды" ұсынды. 25 қыркүйекте Күрдістан автономиясы референдумда Ирактан тәуелсіздік алуды қолдап дауыс берген. Бағдад референдум мен оның нәтижесін заңсыз деп тапқан. Аймақтағы ірі елдер - Иран мен Түркия және Батыс елдерінің де көпшілігі референдумға қарсы болған.

"Әскери қимылдардың бұдан ары жалғасуы тараптарды жеңіске жеткізбейді, ол тек елді тәртіпсіздік пен хаосқа ұрындырады" делінген Эрбильдегі Күрдістан үкіметі жариялаған мәлімдемеде. Автономия басшылығы Күрдістанда қақтығысты тоқтату режимін енгізіп, референдум нәтижесін "бұғаттап", Бағдадтағы федералдық үкіметпен "ашық диалог" орнатуды ұсынды.

Бұған дейін күрд басшыларынан келіссөзге дейін дауыс беру нәтижесін жоюды талап еткен Ирак үкіметі "нәтижені бұғаттау" ұсынысына әзірге комментарий бермеді.

Ирак армиясы ираншыл шиит жасақтарының қолдауымен өткен аптада "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымынан қайтарып алынған соң күрдтердің пешмерга жасақтарының бақылауына өткен мұнайға бай Киркук провинциясы мен басқа да аудандарды басып алған.

Ирак әскері мен күрдтер арасындағы ұрыстан Ппешмерга жасақтарының ондаған сарбазы мен шииттік құрылымның он шақты сарбазы қаза тауып, мыңдаған күрд Киркуктан Сулеймания және Эрбиль қалаларына қашқан.

XS
SM
MD
LG