Accessibility links

Назарбаев Си Цзиньпинді қайта сайлануымен құттықтады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Астана, 8 маусым 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинді Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) орталық комитетінің бас хатшысы болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады деп хабарлады сәрсенбіде ресми БАҚ.

ҚКП ХІХ съезінің қорытындысы бойынша партия орталық комитеті саяси бюросының жаңартылған құрамын жария еткен. Си Цзиньпиннен өзге орталық комитетте Қытай премьер-министрі Ли Кэцян да орнын сақтап қалып, қалған бес мүшесі ауысқан.

"Сіздің басшылығыңызбен Қытай Коммунистік партиясы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруде зор жетістікке жетті" делінген Назарбаевтың жеделхатында.

"Сізге достас Қытайдың әлеуметтік-экономикалық қуаты мен халықаралық беделін көтеру жолындағы тынымсыз жасампаз еңбекте табыс тілеймін. Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық қарым-қатынас бұдан ары да қарқынды дами беретініне және халықтар достығының нығаятынына сенім білдіремін" делінген жеделхатта.

Си Цзиньпин Қытай Коммунистік партиясын 2012 жылдан бері басқарады. 2013 жылы ол Қытай төрағасы болған. 24 қазанда партия Си Цзиньпиннің есімі мен оның Қытайдың дамуы туралы идеяларын жаңартылған жарғысына қосқан.

XS
SM
MD
LG