Accessibility links

Сағынтаев шекарадағы тексеруді күшейту "себебін" түсіндірді


Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан премьер-министрі.
Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан премьер-министрі.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ереванда өткен Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) елдері үкімет басшыларының жиынында Қырғызстанмен шекарадағы жағдайға түсінік берді. Сағынтаевтың айтуынша, қазақ-қырғыз шекарасындағы тексеру жүк тасымалдаушылардың заң бұзу әрекеттерін анықтау үшін ғана күшейтілген.

Сағынтаев шекараға қатысты мәселенің барлығы шағын құрамда өзара талқыланып, шешілгенін, енді жасалған келісімдерге қол қою ғана қалғанын айтты. Ол Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаковтің қазақ-қырғыз шекарасында "белгілі бір қиындықтар бар" деген сөзіне орай, "шын мәнінде не болып жатқанын" түсіндірді.

Сағынтаевтың сөзінше, Еуразия экономикалық комиссиясының дерегі бойынша, 2016 жылы ЕАЭО елдерінің импорты 201 миллиард долларды құраған, оның 22,7 пайызы Қытайдың үлесіне тиген.

"Қытайдан ЕАЭО елдеріне тауар импорттау динамикасына жасалған талдауда 2014-2016 жылдары Қырғызстаннан басқа ЕАЭО елдеріндегі импорт көлемі азая түскені анықталды. Оның ішінде импорт көлемі ең көп төмендеген ел - Қазақстан. Одақтың Қырғызстаннан өзге елдерінде кедендік баж салығынан түсетін қаржы да 2014-2016 жылдары азайған" деді Қазақстан премьері.

Сағынтаев 2015-2016 жылдары Қытайдың Қырғызстанға экспорттаған тауар көлемі мен Қырғызстанның импорт көлемі туралы мәліметтері арасында "кәдімгідей алшақтық барын, ЕАЭО елдері осыған байланысты миллиардтаған доллар қаржыдан айырылғанын" айтты.

Қазақстан премьері мұның барлығы "Қырғызстанның кедендегі процесті басқаруында кемшілік барын көрсететінін" айтып, Қазақстан осыған байланысты шекарада жүк тасымалдаушыларды қадағалауды күшейткенін мәлімдеді.

10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған.

18 қазанда Астанада екі ел премьер-министрлері келіссөздер өткізіп, жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді оңайлату туралы уағдаласқан. Бұл келіссөзден кейін тексеру бекетінде кезек күткен адамдар саны азайған еді. Ал 25 қазанда Қырғызстан шекара қызметі "Ақ-тілек" шекара бекетінде бес жүзге жуық жүк көлігі тұрғанын хабарлады.

25 қазанда Сапар Исаков Ереванда премьер-министрлер деңгейінде бұл мәселені шешу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын, екі ел шекарасындағы кейбір кедергілер жойылғанын мәлімдеген. "ЕАЭО принциптері бойынша тауар, капитал, қызмет пен жұмыс күшінің қозғалысына кедергі болмауы керегін" айтқан қырғыз премьері Қазақстан тарапы шекарадағы мәселені толық шешеді деп үміттенетінін айтқан.

XS
SM
MD
LG