Accessibility links

Сенатор: Қырғызстанмен шекарадағы тексеру бұрын да болған


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" бекетінде кезекте тұрған халық пен көлік кезегі. 18 қазан 2017 жыл.
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" бекетінде кезекте тұрған халық пен көлік кезегі. 18 қазан 2017 жыл.

Сенат депутаты Асқар Бейсенбаев Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында тексеруді күшейткенін "жоспарлы шара" деп атады және оның қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігі атына айтқан сындарымен қатысын жоққа шығарды.

Астанада сенат жиынынан соң журналистерге сұхбат берген Бейсенбаев "кедендік тексеру жұмыстары және Қазақстанға кіретін тауарды жоспарлы түрде тексеру бұрыннан бар нәрсе" екенін айтты.

"Мысалы үшін, өздеріңіз білесіздер, осыдан біраз жыл бұрын сүт өнімдеріне қатысты, кейін жеңіл өнеркәсіп тауарларына қатысты тексеру күшейтілген болатын. Сол сияқты бұл да жоспарлы түрде істеліп жатқан жұмыс. Мен бұл Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысты деп ойламаймын" деді Бейсенбаев.

10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. 18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. 25 қазанда Ереванда ЕАЭО елдері үкімет басшыларының жиынында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қазақ-қырғыз шекарасындағы тексеру жүк тасымалдаушылардың заң бұзуын анықтау үшін ғана күшейтілгенін мәлімдеген. Сағынтаевтың дерегінше, Қырғызстанның "шекарада кедендік рәсімдеуді дұрыс жүргізе алмауынан ЕАЭО елдері миллиардтаған доллар қаржыдан айырылған".

Қырғызстанның экономика министрі Артем Новиков 25 қазанда Ереванда Қазақстан екі елдің шекарасын реттеуге арналған жол картасына қол қоюдан "бас тартқанын" мәлімдеген. Оның сөзінше, қазақ тарабы жол картасына қол қойғанның өзінде шекара ашылмайтынын және еркін қозғалыс болмайтынын мәлімдеген.

Сенатор жол картасына қол қоймау - "жұмыс процесі" екенін және мемлекеттер арасында келіссөз әлі жүргізілетінін, мәселені "драмаға айналдырудың қажеті жоғын" айтты.

XS
SM
MD
LG