Accessibility links

Кеннеди өліміне қатысты құпия құжаттар жарияланды


АҚШ президенті Джон Кеннеди қастандық жасалардан сәл бұрын. Даллас, 22 қараша 1963 жыл.
АҚШ президенті Джон Кеннеди қастандық жасалардан сәл бұрын. Даллас, 22 қараша 1963 жыл.

АҚШ мемлекеттік мұрағаты президент Джон Кеннедидің өліміне қатысты 2800-ден астам құжатты жариялады. Құжаттарды көрсетуге, оның ішінде зерттеушілердің танысуына енді ғана рұқсет берілгендіктен оларда жаңа ақпараттың бар-жоғы әзірге белгісіз.

АҚШ-тың 35-президенті Джон Кеннедидің 1963 жылы 22 қарашада қастандықтан қаза табуы көптеген конспирологиялық теориялар тудырған. Ол теориялар "қастандық жасаушы Ли Харви Освальд жалғыз өзі әрекет етті" деген ресми тұжырымды жоққа шығаруға тырысқан. Президент Кеннеди өлімінің мән-жайына режиссер Оливер Стоунның 1991 жылы шыққан JFK фильмінен соң жаңа көзқарас пайда бола бастады. 1992 жылы АҚШ Конгресі 25 жылдан соң Кеннедидің өліміне қатысты қатысы бар барлық құжатты көпшілікке жариялауға рұқсат беретін заң қабылдаған.

Заңда сыртқы саясат, арнайы қызмет пен құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты кейбір құпия ақпараттарды жариялауға шектеу қойылған. АҚШ Федералдық тергеу бюросы мен Орталық барлау басқармасы (немесе ЦРУ) бұл шектеуді пайдаланып, жүздеген құжаттың жариялануына кедергі келтіріп отыр. Қос ведомствоның өз ұстанымдарын қорғау үшін келтірген уәждерін арнайы комиссия 180 күн аралығында зерттеп қарайды. Егер ол уәждер көңілге қонбайды деп танылса, онда қалған құжаттар 2018 жылы 26 сәуірде жарияланады.

АҚШ президенті Дональд Трамп та, Конгрестің көптеген мүшесі құжаттардың түгел жарияланғанын қолдайды. 2013 жылы Гэллап институты жүргізген сауалнама бойынша, америкалықтардың 30 пайызы ғана ресми комиссияның Освальда жалғыз өзі әрекет етті деген тұжырымына сенеді. Америкалықтардың көпшілігі Кеннедидің өліміне ЦРУ-дың, мафияның немесе Фидель Кастроның қатысы бар деп біледі.

АҚШ президенті Джон Кеннеди 1963 жылы 22 қарашада АҚШ-тың Даллас қаласында қастандықтан қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG