Accessibility links

ОҚО: Бензин көбіне талонмен сатылып жатыр


Шымкенттегі Sinooil жанар-жағармай құю станциясы маңындағы көлік кезегі. 27 қазан 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында АИ-92 бензині тапшы екенін Азаттыққа "Жанар-жағармай" ассоциациясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілділігінің төрағасы Қайыпбек Қамбаров растады.

Қазір Шымкентте және Сайрам ауданында АИ-92 бензині лиминтпен беріліп жатыр. Шымкенттен Сайрам ауданына дейін шамамен 50 километр жолда орналасқан сегіз жанар-жағармай бекетінің екеуінде ғана АИ-92 бензині сатылды.

Сайрам ауданындағы "Сәтті жол" жанар-жағармай бекеті қызметкерлерінің айтуынша, төрт күннен бері бекетке күніне 400 литр АИ-92 бензині берілетін болған. "Әр жүргізушіге мың теңгенің бензинін ғана құйып береміз. 400 литр бензин сағат 11:00-ге дейін сатылып бітеді. Одан кейін тек талонмен бензин таратамыз" дейді олар.

Sinooil жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 бензині бар болғанымен кезек көп. Бұл бекет те әр жүргізушіге 2 мың теңгеден артық сомаға бензин сатпай жатыр. Бұл бекеттерде АИ-92 бензині литріне 157-158 теңгеден сатылып жатыр.

Қайыпбек Қамбаровтың Азаттыққа айтуынша, облыста айына 30 мың тонна АИ-92 бензині тұтынылады.

- Бензин тапшы болып тұрғаны рас. Айдың басында 27 мың тонна АИ-92 бензині жеткізілген. Қазір облыста ірі алты жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 бензині бар. Орта, ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерінде бензин тапшы болып тұр. Мәселе ай соңына дейін шешіледі, - дейді ол.

Облыста 570-ке жуық жанар-жағармай бекеті бар, олардың 100-ден астамы ірі жанар-жағармай құю бекеті.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG