Accessibility links

Бішкек: Шекара мәселесі ДСҰ арнайы комитетінде қаралады


Артем Новиков, Қырғызстан экономика министрі.
Артем Новиков, Қырғызстан экономика министрі.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жағдай 10 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) арнайы комитетінде қаралады деп мәлімдеді Қырғызстан экономика министрі Артем Новиков.

27 қазанда өткен баспасөз конференциясында журналистер министрден "Шекарадағы жағдай өзгермегендей болса, Қырғызстанда қандай да бір қосымша жоспар бар ма?" деп сұраған.

"Қазақстанға ықпал ету тетігі деген - бұл мәселені мүлдем дұрыс қоймау. Жағдайды шиеленістіріп, қайшыластырудың қажеті қанша? Меніңше, тиісті шешім экономикалық бірлестік аясында қабылданады. Егер жағдай реттелмесе, үкімет тиісті шаралар қабылдайды" деді Новиков.

10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Тексерудің күшейтілуінен ең алдымен тез бұзылатын азық-түлік таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері зардап шегіп жатыр.

18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. Бірақ жүк көліктерінің жүргізушілері жағдай әлі өзгермегенін, Қазақстан жағының тексеру мен өткізуді кідіртіп, бұрынғыдай шекарада тәуліктеп кезек күтіп жатқанын айтады.

26 қазанда министр Артем Новиков Қазақстан шекара мәселесін реттеу жөніндегі жол картасына қол қоюдан бас тартқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG