Accessibility links

АҚШ санкцияға ілігуі ықтимал ресейлік ұйымдарды атады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ мемлекеттік департаменті санкцияға ілігуі ықтимал ресейлік 39 компания мен ұйымының тізімін жариялады. Олардың арасында "Алмаз-Антей" компаниясы, "Калашников" концерні, федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), сыртқы барлау қызметі (СВР), бас штабтың бас барлау басқармасы (ГРУ) тәрізді Ресейдің қорғаныс және барлау саласына қатысы бар кәсіпорындар мен ұйымдар бар.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті "Конгрестің шілде айында қабылдаған Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы заңын жүзеге асыру жөніндегі шараларды" әзірлеп жатқаны жайлы хабарланған. Бұл туралы 24 қазанда өткен баспасөз брифингі кезінде журналистердің президент Дональд Трамптың әкімшілігі Ресейге қарсы салынған санкциялар туралы заңды жүзеге асыруды неліктен мерзімінен кешіктіріп отырғаны жайлы сұраған журналистерге жауабында мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт айтқан еді. Конгресс қабылдаған ол заңға президент 2 тамызда қол қойған болатын.

Аталған заң 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына ықтимал араласқаны, Украинаға қарсы агрессиялық саясаты және Сирияда алтыншы жылға жалғасқан азамат соғысында президент Башар Асадқа қолдау танытқаны үшін Ресей президенті Владимир Путиннің үкіметіне қарсы шектеу шараларын енгізуге бағытталған. Бұл заңға сәйкес, Трамп әкімшілігі 1 қазанға дейін санкцияларды, соның ішінде ресейлік қорғаныс және барлау салаларына қатысы бар тұлғалар мен ұйымдар тізіміне қатысты шараларды қалай қолдану керектігі туралы нұсқаулықты шығаруы тиіс болатын.

АҚШ Конгресі қабылдаған заңға сәйкес президент Трамп Конгрестің мақұлдауынсыз Мәскеуге қарсы енгізілген санкцияларды жұмсарта алмайды.

XS
SM
MD
LG