Accessibility links

Венгрия "Украина - НАТО" саммитін өткізуге қарсы болды


НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг (сол жақта) пен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 10 шілде 2017 жыл.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг (сол жақта) пен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 10 шілде 2017 жыл.

Венгрия биыл желтоқсанда өтеді деп жоспарланған "Украина - НАТО" комиссиясын шақыруға вето қойды. Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның сөзінше, комитет отырысын шақыру үшін шешім бірауыздан қабылдануы шарт болғандықтан Солтүстікатлантикалық одақ Будапештің бұл шешімін айналып өте алмайды.

Венгрия билігінің Еуропа Одағына интеграциялануға ұмытылып отырған Украинаға қолдау білдіруден бас тартуына осы елдің білім туралы жаңа заңы себеп болған. Қыркүйекте қабылданған ол заңда Украина мектептерінде сабақ негізінен украин тілінде оқытылуы тиіс деп көрсетілген. Будапешт заңның бұл талабы Закарпатьедегі венгр азшылығының құқығын шектейді деп санайды. Сонымен бірге Венгрия билігі қазір Украина Жоғарғы Радасының қарауында жатқан азаматтық және тіл туралы заң жобаларына қатысты да алаңдаушылық танытқан.

Бұған дейін 19 қазанда Киевте Будапештпен ұлттық азшылық өкілдерін ана тілінде оқыту мәселесіне байланысты екі тарап келісімге келгені туралы хабарланған еді. Сол кезде Венгрияның адам ресурстары министрі Золтан Балог жаңа кеңесулер өткізуге әзір екенін білдірген болатын.

XS
SM
MD
LG