Accessibility links

СІМ: Астанадағы Сирия келіссөзіне қатысатынын тараптар растады


Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзінің алтыншы раунды. 14-15 қыркүйек 2017 жыл.
Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзінің алтыншы раунды. 14-15 қыркүйек 2017 жыл.

Астанада 30-31 қазанда өтеді деп жоспарланған Сирия бейбіт келіссөзінің жетінші раундына тараптардың барлығы қатысатындарын растады деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік ақпараты бойынша, Ресей делегациясын президенттің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын сыртқы істер вице-министрі Седат Онал, Иран делегациясын сыртқы істер министрінің орынбасары Хусейн Жабери Ансари бастап келмек.

"Кездесуге Сирия үкіметінің және сириялық оппозицияның, сондай-ақ байқаушы ретінде БҰҰ, АҚШ және Иорданияның өкілдері қатысады" деп хабарлады Қазақстан СІМ баспасөз қызметі.

Бұған дейін Астана келіссөзінің жетінші раундының күн тәртібінде тұтқындарды, қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарланғаны туралы хабарлаған.

Астанада қыркүйекте өткен келіссөздердің алтыншы раундында Сирияның Идлиб провинциясында қауіпсіздік аймақтары құрылғаны жарияланған. Бірақ, Сирия оппозициясы деэскалация аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ретінде Иранды қабылдаудан бас тартқан.

Ресей, Түркия және Иран Астанадағы Сирия жөніндегі келіссөзде гарант елдер мәртебесін иеленген. Бұл келіссөз БҰҰ қатысатын Женевадағы бейбіт келіссөзден бөлек өтіп жатыр. Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асад үкіметін қолдайды. Түркия мен АҚШ түрлі бүлікшіл топтарға қолдау көрсетеді.

Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста 330 мың адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG