Accessibility links

Тұрғындар Шымкент әкімінен жарық пен автобус мәселесін реттеуді сұрады


"Асар" шағын ауданы тұрғындары қала әкімімен кездесуде отыр. Шымкент, 29 қазан 2017 жыл.
"Асар" шағын ауданы тұрғындары қала әкімімен кездесуде отыр. Шымкент, 29 қазан 2017 жыл.

Бүгін Шымкенттегі "Асар" шағын ауданындағы биыл ақпанда пайдалануға жаңадан берілген 30 көпқабатты үйдің тұрғындары қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қатысуымен өткен жиында коммуналдық қызметтің сапасы мен қоғамдық көлік қызметіне көңілдері толмайтынын айтты. Қаладағы №89 жалпы орта мектепте өткен жиынға бірнеше ондаған тұрғын қатысты.

Осыдан бір күн бұрын шағын аудан тұрғындары бірнеше күн бойы газ болмай, ас-сусыз, жылусыз қалғанын айтып, қала әкімдігіне мәселені шешуді сұрап барған еді. Жергілікті тұрғын Нұрайым Жұмаділдаеваның Азаттыққа айтуынша, "Асар" шағын ауданына үш күн газ берілмеген.

"Күн сайын жарық та сөніп, тұрғындар әбігерге түсті. Әр пәтерде автономды жылу қосылған. Газ, жарық болмаса үйдің жылуы қосылмайды", - дейді ол.

Әкіммен кездесуде тұрғындар газ, жарық мәселесімен бірге қала орталығына қоғамдық көлікпен жетудің қиындығын жеткізді.

Ғабидолла Әбдірахымов Азаттыққа "Асар" шағын ауданы тұрғындарының талабы орындалып, сенбінің кешінен бастап газ беріле бастағанын, бүгінгі жиында басқа да "бірқатар мәселенің беті ашылғанын" айтты.

"Бозарық шағын ауданындағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты газ беру тоқтап қалған. Енді газ үнемі болады. Жарыққа келсек, оны реттеу үшін "Асар" шағын ауданына бұрын тартылған кабельді алмастыру қажет, оны ойластырамыз. Қоғамдық көлік мәселесін де жақын арада шешеміз", - деді әкім.

XS
SM
MD
LG