Accessibility links

ХОК: Олимпиадаға Ресейдің қатысуы мәселесі желтоқсанда шешіледі


Көрнекі сурет.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2018 жылы ақпанда Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына Ресейдің қатысуына рұқсат ету болмаса тыйым салу туралы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдауды желтоқсанға қалдырды. Сенбі күні кеңейтілген отырысында ХОК осындай ұйғарымға келген.

Ресейге қатысты түпкілікті шешім ресейлік спортшылардың осы елдегі спорт саласы мен саяси биліктің жоғарғы сатыларындағылардың араласуымен кең көлемде допинг пайдалану оқиғаларын зерттеп жатқан екі комиссияның жұмыстарының қорытындыларынан соң қабылданбақ. Ол екі комиссия бір жылдан астам уақыт бұрын құрылған.

Өткен айда 17 елдің допингке қарсы ұлттық агенттіктері Ресейдің 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатысуына тыйым салуға, тек допингке қарсы тексеруден өткендерге ғана жарысқа жеке қатысуына рұқсат етуге шақырған. Алайда ХОК отырысының қорытындысы бойынша қабылданған мәлімдемеде асығыстыққа салынбау туралы ескертілген. "Екі комиссияның жұмысы аяқталғанға дейін нақты санкциялар енгізу туралы жария талаптар қою орынсыз деп санаймыз. Кез-келген спортшы немесе федерацияның құқықтары сақталуы тиіс" делінген құрамына ХОК, халықаралық спорттық федерациялар, ұлттық олимпиада комитеттері мен допингке қарсы агентттіктердің өкілдері енген комитеттің отырысына қатысушылар қабылдаған құжатта.

ХОК тапсырысымен канадалық профессор Ричард Маклареннің тәуелсіз комиссиясы жүргізген тексеру қорытындысы бойынша, стероид препараттарды заңсыз пайдалануға жалпы саны мыңнан астам ресейлік спортшының қатысы бары анықталған. Әсіресе, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада кезінде допинг пайдалану жаппай сипат алған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG