Accessibility links

Көкшетауда оппозициялық белсендіге шабуыл жасалды


Белгісіз адамның шабуылына ұшыраған оппозициялық белсенді Марат Жанұзақов. Көкшетау, 29 қазан 2017 жыл. (Суретті белсендінің қызы Айман Жанұзақова берген.)
Белгісіз адамның шабуылына ұшыраған оппозициялық белсенді Марат Жанұзақов. Көкшетау, 29 қазан 2017 жыл. (Суретті белсендінің қызы Айман Жанұзақова берген.)

Бүгін Көкшетау қаласында азаматтық белсенді Марат Жанұзақовты белгісіз біреу соққыға жыққан. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің қызы Айман Жанұзақова хабарлады. Оның сөзінше, Марат Жанұзақов бүгін таңертең шамамен сағат сегіздің кезінде үйінен шығып, көшеде жаяу кетіп бара жатқан кезде тұтқиылдан шабуыл жасалған.

- Әкем бет-әлпеті азиялық белгісіз жігіттің кенеттен ұрған соққысынан есеңгіреп құлап қалған. Есін жиған кезде әлгі адам кетіп қалыпты. Әкем туыстарына хабарлап, сосын полиция бөліміне барып, өзіне шабуыл жасалғаны туралы арыз жазып тапсырған, - дейді Айман Жанұзақова.

Қызының айтуынша, белгісіз адамның соққысынан әкесінің сол жақ самайынан қан ағып, ісік пайда болған. Марат Жанұзақов полиция қызметкерлеріне оқиға болған жерді көрсеткен кезде ол да бірге барған. "Полицияның оқиға орнынан түсірген суреттерін көрдім, қан іздері қалғаны анық көрінеді" дейді ол.

Айманның сөзінше, шабуыл жасаған белгісіз адам Марат Жанұзақовтың заттарына тиіспеген. Ол қазір әкесінің жағдайы бірқалыпты екенін, оның денсаулық жағдайын дәрігерлер зерттеп жатқанын айтты.

Жексенбі күні Азаттыққа Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук азамат Марат Жанұзақовтың шағымы негізінде Қылмыстық кодекстің 293 бабының 1-бөлімі ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталғаны туралы хабарлады.

60 жастағы Марат Жанұзақов Көкшетау мемлекеттік университетінің ректорының "ар-ожданына" тиген мақаласы үшін өткен жылы жауапқа тартылып, сот оған 20 мың теңге айыппұл салған.

Ол Қазақстанда демократияның дамуы мен азаматтық қоғам құруға үлес қосып жүрген Қазақстан және шетел азаматтарына 2003 жылдан бері беріліп келе жатқан "Азаттық" сыйлығын тапсырушылардың бірі. 2014 жылы Жанұзақов аталған сыйлықты "заңсыз ақшадан қаржыландырған" деген айыптау бойынша тергеуге алынған.

Марат Жанұзақов 2002 жылы оппозициялық "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының Ақмола филиалын, онан кейін билік тіркемей қойған "Алға" оппозициялық партиясының облыстық филиалын басқарған. Қазақстан соты 2012 жылы бұл партияның қызметіне тыйым салған.

XS
SM
MD
LG