"Өзбектелеком" жуырда Uzphone деп аталатын төл мессенджерін іске қосуды жоспарлап отыр. Ол Telegram, Skype, Viber және WhatsApp мессенджерлеріне балама болады.
"Қазір бұл мессенджер альфа-сынақтан өтіп жатыр, ол арқылы хабарлама жолдап, телефон соғуға болады" деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары.
"Ол әзірге жаппай қолданысқа шыққан жоқ. Екі айдың көлемінде бета-сынақ деңгейіне өтеміз. Келесі жылы оны ресми түрде көпшілікке таныстырамыз" деді "Өзбектелеком" компаниясы филиалының директоры Марат Фаттахов.
Шамамен бір жылдан соң қосымша смарт-телевизорлармен және бақылау камераларымен байланысқа шыға алатындай етіп жетілдірілмек. Компания бір уақытта 1 миллион қолданушыға қызмет көрсетуге әзір.
Бұған дейін республикада әлеуметтік желілердің "Одноклассники" және Facebook-ке балама түрлері жасалған, бірақ олар өзбекстандықтар арасында аса танымал бола қойған жоқ.