Accessibility links

ҚАЖД: Макс Боқаев емделіп жатыр


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 18 қараша 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 18 қараша 2017 жыл.

Петропавлдағы ЕС-164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығы нашарлағанын мәлімдеді. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Боқаевтың қазіргі жағдайы "қанағаттанарлықтай" екенін, дәрігер тексеруінен өтіп, емделіп жатқанын хабарлады.

Макс Боқаевтың әпкесі Жанаргүл Боқаева інісінің аяғы ауырып ,мазалап жүргенін айтады.

- 27 қазан күні Макс Боқаев телефон арқылы сөйлескенде денсаулығының нашарлағанын, оған қоса өкшесін баса алмай, саусақтары жансыздана бастағанын айтты, - деді Жанаргүл Боқаева Азаттық тілшісіне. Оның сөзінше, бүгінгі күнге дейін сотталушыға әлі нақты диагноз қойылмаған.

Сотталушының қорғаушылары Макс Боқаев медициналық көмек ала алмай отырғандықтан, оның құқығы бұзылып отыр деп санайды. Сол себепті олар осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына, денсаулық сақтау министрлігіне хат жазған. Хатта 16 қазан күні Макс Боқаевтың сол жақ аяғы қатты ауырып, ЕС-164/3 мекемесінің медициналық-санитарлық бөліміне барғаны, сол аяғының басы, өкшесінде ауырсыну сезімі басталғаны, қазір сол жақ аяғының кішкентай башпайы жансыздана басталғаны жазылған. 23 қазан күні Макс Боқаев түзету мекемесінің медициналық бөліміне ауыстырылып, оған ауырсынуды басатын дәрілер берілген. Оған қоса дәрігерлердің кеңесі бойынша, 2 қараша күні Петропавл қаласының №1 емханасындағы невропатологқа қаралуға жазылған.

Облыстық ҚАЖД басшысы Бүкенбай Жүсіповтің Азаттық сауалына жолдаған жауап хатында "Сотталушы 2017 жылдың 20 қазаны күні мекеменің медициналық бөлімінен көмек сұрады, тексеру нәтижесі бойынша оған ем тағайындалды. Бүгінгі күні оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады, ем алып жатыр" делінген.

Макс Боқаев атыраулық тағы бір белсенді Талғат Аянмен бірге Атырауда өткен жер реформасына қатысты ереуілден соң, 2016 жылдың 28 қарашасында Атырау қалалық №2 қылмыстық сотының үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған. Белсенді кейін Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесіне ауыстырылып, сол жерде жазасын өтеп жатыр.

XS
SM
MD
LG