Accessibility links

АҚШ-та өзбекстандық "ИМ-ді қолдағаны" үшін сотталды


Абдурасул Джурабоевтің сот залынан салынған кескіні.
Абдурасул Джурабоевтің сот залынан салынған кескіні.

АҚШ соты Өзбекстан азаматы Абдурасул Джурабоевті тыйым салынған "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымына қосылмақ болды деп айыптап, 15 жылға соттады. Тергеу тұжырымы бойынша, Нью-Йорктің Бруклин ауданында ұсталған Джурабоев 2015 жылы наурызда ИМ-ге қосылу үшін Түркия арқылы Сирияға өтіп кетпек болған. 2015 жылы тамызда өткен сот процесінде ол айыбын мойындаған.

Бұған дейін прокурорлар 26 жастағы Абдурасул Джурабоев жоспары орындалмаса АҚШ-та қалып, ел аумағында террорлық актілер жасауға дайын болғанын мәлімдеген. Соңғы бірнеше жылда АҚШ-та Өзбекстанның бірнеше азаматына экстремистік ұйымдарға қосылмақ болды деген айып тағылды.

2016 жылы қаңтарда өзбекстандық Фазлиддин Курбанов америкалық әскерилерге шабуыл жасауды жоспарлады деп айыпталып, 25 жылға сотталған. 2012 жылы Бирмингем округтік соты өзбекстандық, сол кездегі президент Барак Обамаға "қастандық жасауды жоспарлағанын" мойындаған 22 жастағы Улугбек Кадыровты 15 жылға соттаған.

2012 жылы Чикагода Өзбекстанның 35 жастағы азаматы Джамшид Мухтаров ұсталған. Қазір ол "Ислам жиһады одағы" тобына мүше болды деген күдікпен қамауда отыр. 2012 жылы наурызда Филадельфияда террорлық ұйымдарғмен байланыс орнатты деген күдікпен тағы бір өзбекстандық Бахтияр Джумаев ұсталған.

XS
SM
MD
LG