Астанада өтіп жатқан Сирия жөніндегі жетінші бейбіт келіссөздің бірінші күні аяқтала бере Ресей делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев Сириядағы жанжалдасушы барлық тарап шақырылатын ұлттық диалог конгресін өткізетін жерді де талқылап жатқандарын мәлімдеді. Конгресс "елдегі мәселелерді, оның ішінде саяси жағдайды" реттемек.
- Өтетін жеріне байланысты нұсқа көп. Конгресс Хмеймим әуе базасында да өтуі мүмкін деген де ақпарат тараған. Алғашында бұл нұсқа келетіндердің, оның ішінде Сирия қарулы оппозициясының қауіпсіздігі тұрғысынан қаралды. Бірақ қазір басқа да жерлер талқыланып жатыр. Мәселен, Ресей федерациясының аумағы, - деді Александр Лаврентьев.
Астанада 30-31 қазан күндері Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті, жетінші кезеңі өтіп жатыр. Кепіл үш ел - Ресей, Иран мен Түркия делегациялары, Сирия үкіметінің өкілдері және Сирия қарулы оппозициясы "тұтқындарды және қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың мәйітін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекітеді" деп жоспарланған. Тараптар сонымен қатар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастырып, Сирияны миналардан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдамақ ниетте.
Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздер Астанада биыл қаңтар, ақпан, наурыз, мамыр, шілде және қыркүйекте алты рет өткен. Мұның алдындағы алтыншы раундта тараптар Сирия аумағында төрт деэскалация аймағын құруға келіскен. Бұл аймақтарда кепіл елдердің қарулы күштері қауіпсіздік ахуалын қадағаламақ.