Accessibility links

Әзербайжан, Грузия және Түркияны жалғайтын теміржол ашылды


Баку - Тбилиси - Карс теміржол желісінің ашылу салтанаты. Әзербайжан, 30 қазан 2017 жыл.
Баку - Тбилиси - Карс теміржол желісінің ашылу салтанаты. Әзербайжан, 30 қазан 2017 жыл.

Әзербайжан, Түркия және Грузия басшылары 30 қазанда үш елді байланыстыратын 826 километрлік теміржол желісін ашты. Осылайша, Ресейді айналып өтіп, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын жүк және жолаушы тасымалдау желісі ашылды. 105 километр жаңа бөлігі бар теміржолда жылына бір миллион жолаушы мен бес миллион тонна жүк тасымалдауға болады.

"Баку - Тбилиси - Карс теміржол желісі үлкен Жібек жолының бір бөлігі саналады және бір маңыздысы, біз оны өз қаржымызға салдық" деді Түркия президенті Режеп Ердоған теміржолдың ашлу салтанатында. Шараға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили, Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев және Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты.

Пойыз Бакуден шығып, Тбилисиге тоқтайды, сосын Грузияның Ахалкалаки қаласында тіркеме ауыстырып, ары қарай Түркияның Карс қаласына кетеді. Жаңа Баку - Тбилиси - Карс теміржол желісі аймақта экономикалық өсімге септеседі деп болжанып отыр.

Теміржолдың Грузиядағы бөлімі құрылысының басшысы, "Марабда - Карцахи теміржолы" компаниясының директоры Олег Бчичашвили Азаттыққа сұхбатында жаңа желінің алғашқы кезеңдегі тасымалдау мүмкіндігі жылына бес миллион тоннаны құрайтынын, одан кейінгі жылдары жүк көлемін 15 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Баку - Тбилиси - Карс теміржол желісін салу туралы келіссөз 1990 жылдардан бастап жүргізілген. Ресей көлік жүйесін айналып өтетін жаңа магистральмен Әзербайжаннан ғана емес, Орталық Азия елдерінен де жүк тасымалданады деп жоспарланып отыр.

XS
SM
MD
LG