Accessibility links

Манафорт пен серігі айыптарын жоққа шығарды


Дональд Трамптың сайлау штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорт (оң жақта) пен оның серігі Рик Гейтс.
Дональд Трамптың сайлау штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорт (оң жақта) пен оның серігі Рик Гейтс.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабының бұрынғы төрағасы Пол Манафорт пен оның іскерлік серігі Рик Гейтс өздеріне тағылған 12 айып, оның ішінде лоббилік жасау туралы заңды бұзу, қаржыны жылыстату және АҚШ-қа қарсы астыртын сөз байласу айыптары бойынша кінәлі емесін мәлімдеді. Вашингтонның федералдық соты Манафорт пен Гейт елден қашып кетуі мүмкін деп күдіктеніп, Манафортқа 10 миллион доллар, Гейтске бес миллион доллар көлемінде кепіл қоюды міндеттеді. Екеуі кепіл қойғанға дейін үйқамақта отыра бермек.

Манафорт БАҚ өзі мен Гейтстің федералдық билік алдына баруға міндеттелгенін хабарлаған соң 30 қазанда Федералдық тергеу бюросының Вашингтондағы бөліміне барды. 30 қазан күні бұдан ертерек Дональд Трамптың сайлау штабының сыртқы саясат бойынша бұрынғы кеңесшісі Джордж Пападопулостың ФБР-ге өзінің Ресеймен байланысы туралы жалған айтқанын мойындағаны хабарланған.

Айып арнайы прокурор Роберт Мюллердің Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауына ықтимал килігуін тергеу аясында тағылып отыр. АҚШ конгресмендері Ресей немесе Кремльге жақын адамдар, ұйым немесе компаниялардың Трамп көмекшілерінің қандай да бірімен арасында әлде бір астыртын сөз байласу болғаны, я болмағанын нақтылағысы келеді. Дональд Трамп сайлау қарсаңында Мәскеумен барынша тығыз және жылы қарым-қатынас орнату ниеті барын бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG