Accessibility links

Бишімбаев ісі бойынша айыпталғандар кінәсін "мойындай" бастады


Қуандық Бишімбаевтің ісі бойынша сот отырысы. Астана, 31 қазан 2017 жыл.
Қуандық Бишімбаевтің ісі бойынша сот отырысы. Астана, 31 қазан 2017 жыл.

"Ірі көлемде пара алды" деп айып тағылған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісіне қатысы бар бірнеше тұлға "кінәларын мойындады". Бұл туралы 31 қазанда Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында өткен алдын ала тыңдауда белгілі болды.

Қылмыс жасағанын және онысына өкінетінін айтқан айыпталушылардың бірі – "Байтерек DEVELOPMENT" акционерлік қоғамы басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Аслан Жақыпов. Оған қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлімі бойынша "пара алу" айыбы тағылған. Жақыповтың прокурорлармен келісімге келуге ниетті екенін сот барысында адвокаты Галина Әлімғожина айтты.

- Қорғауымыздағы Аслан Жақыповтың ұстанымы бұған дейін сөйлегендердің ұстанымынан өзгерек. Аслан Жақыпов 2016 жылдың 17 қарашасында ұсталған. Содан бері кінәсін мойындап, толық куәлік етіп келеді, - деді адвокат судьяға.

Жақыповтан бөлек кінәсін мойындап, прокурорлармен келісімге келуге ниетті тағы да төрт айыпталушы бар.

Ал, Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бұрынғы ұлттық экономика министрі мен жанындағы жиырма екі адамға "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынған үйлердің құрылысын жүргізуге байланысты компаниялардан ірі көлемде пара алды деген айып тағылған.

Қуандық Бишімбаев 2016 жылы Ұлттық экономика министрі қызметін сегіз ай атқарған. Бүгінде ол Астана қалалық ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында отыр. 2017-жылдың 10-қаңтарында ол «топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алу фактісі» бойынша ұсталған еді. Тергеу барысында Бишімбаевтың қамау мерізімі бірнеше рет ұзартылған. Тергеу ісі 10 айға дейін жалғасты.Қылмыстық іс 250 томға жеткен. 23 айыпталушының әрқайсында кемінде екі адвокаттан бар.

XS
SM
MD
LG