Accessibility links

Дамаск Түркия күштерінің Идлиб провинциясына орналасуына қарсы


Башар әл-Жафари, Сирия делегациясының басшысы, Сирияның БҰҰ-дағы елшісі.
Башар әл-Жафари, Сирия делегациясының басшысы, Сирияның БҰҰ-дағы елшісі.

Сирияның БҰҰ-дағы елшісі, Сирия делегациясының басшысы Башар әл-Жафари 31 қазанда Астанада өткен брифингте Түркия әскерінің Сирияның Идлиб провинциясында болуын басқыншылық деп қабылдайтынын мәлімдеді деп хабарлайды жергілікті агенттіктер. Астанада қыркүйекте өткен келіссөзде гарант елдер Сирияның Түркиямен шекарасындағы Идлиб провинциясында төртінші деэскалация аймағы құрылатынын жариялаған.

"Астанадағы келіссөздің алтыншы раундынан бері болған жайттар - ол "Джебхат әл-Нусра" тобымен ынтымақтастық және координация арқылы Сирия территориясына түрік күштері кіргізілді. Түркия гарант елдер арасында жасалған қақтығысты тоқтату режимі бойынша өзіне алған міндеттемесін орындамай отыр" деді Жафари.

Кейбір мәліметтер бойынша, Идлибтегі деэскалация аймағын түрік бөлмшелері мен Сирияның қалыпты оппозиция жасақтары бақылайтын солтүстік-батыс аудандар, Сирияның үкімет күштері мен ирандық жасақтар бақылайтын оңтүстік-шығыс аудандар және бұлардың арасындағы Ресей күштері бақылайтын Ресей территория деп үшке бөлу туралы шешім қабылданған.

"Ресей мен Иран барлық гарант елдер өз міндеттемесін орындауы тиіс екенін растады. Сирия қандай да бір мемлекеттің өз территориясында Сирия үкіметінің келісімінсіз орналасуын басқыншылық және оккупация деп атайды" деді Башар әл-Жафари.

Ресей, Иран және Түркия Астанада өтіп жатқан келіссөзде гарант елдер деп танылған. Бұл келіссөз Женевадағы БҰҰ бастамасымен өтіп жатқан Сирия ішіндегі тараптардың келіссөзінен бөлек. Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста 330 мың адам қаза тапты. Ресей мен Иран бұл соғыста Сирия президенті Башар Асад үкіметін, Түркия мен АҚШ түрлі көтерілісшіл топтарды қолдайды.

Астанадағы жетінші Сирия келіссөзіне қатысушылар кепілдегілер мен тұтқындарды босату, қаза тапқандардың мәйіттерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмысшы тобының ережесін бекітеді деп жоспарланған. Ресейлік РИА Новости агенттігі 31 қазанда Сирия қарулы оппозициясы делегациясының мүшесі Фатех Хассунге сілтеме жасап, тұтқындар туралы қорытынды құжатқа қатысты уағдаластық әзірге жасалмағанын хабарлаған.

Сирия бейбіт келіссөзінің келесі раунды желтоқсанның екінші жартысына жоспарланған.

XS
SM
MD
LG