Accessibility links

Ақтөбе мектебінде орамал дауын құқықтық кеңесте талқылады


Ақтөбедегі №60 мектепте орамал дауы талқыланған құқықтық кеңес жиыны. 1 қараша 2017 жыл.
Ақтөбедегі №60 мектепте орамал дауы талқыланған құқықтық кеңес жиыны. 1 қараша 2017 жыл.

Ақтөбедегі №60 мектепте сәрсенбіде орамал дауына байланысты жаңа оқу жылындағы бесінші жиын өтті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мектеп жанындағы құқықтық кеңестің отырысына бұл жолы да орамал тағатын оқушы қыздардың ата-аналары шақырылған.

Мектеп директоры Абзал Тәжімішовтің сөзіне қарағанда, бұған дейінгі жиындарда мұғалімдер орамал тағатын оқушылардың ата-аналарымен мәмілеге келуге тырысқан. Оған да көнбегесін ескерту хат жазып, "1 қарашаға дейін балаларыңыз орамалдарын шешсін" деп уақыт берген.

- Осы кезге дейін 11 оқушының үшеуі ғана орамалын шешуге келісім берді. Қалған сегізінің ата-анасы көнетін емес. Сегіз оқушының төртеуі бір үйдің қыздары. Олардың ата-анасы бізге "гигиеналық себептерге байланысты шаштарын тықырлап алып тастадық" деген болатын. Сөйтсек, бұл - орамал шешпеудің айласы екен. Егер оқушы қыздар орамалдарын екінші тоқсанда да шешпесе, біз ата-аналардың үстінен әкімшілік іс қозғау үшін сотқа шағымданамыз, - деді №60 мектеп директоры Абзал Тәжімішов.

1 қараша күні №60 мектепте өткен құқықтық кеңес жиынына балалары орамал тағатын үш ата-ана келмей қалды. Сынып жетекшілерінің айтуынша, олардың барлығы телефоннан "қызым орамалын шешпейді" деп жауап берген. Жиынға келген бірінші сынып оқушысы Фаризаның анасы Жәмилә Сәкиева қызының мектеп территориясында орамалсыз жүруіне келісімін берді.

Ал шаштарын тықырлап тастаған төрт оқушының әкесі Марат Сәдуов "Сәуір айында гигиеналық себептерге байланысты балаларымның шаштарын алып тастағанбыз" деді. Мұғалімдермен дөрекілеу сөйлескен қырықтар шамасындағы азамат тілшілерді мектеп іргесіндегі үйіне ертіп апарып, балаларының орамалын шешкізіп, көрсетті.

Марат Сәдуов, мектепке орамал тағып баратын төрт қыздың әкесі. Ақтөбе, 1 қараша 2017 жыл.
Марат Сәдуов, мектепке орамал тағып баратын төрт қыздың әкесі. Ақтөбе, 1 қараша 2017 жыл.

Жай-жапсарға қаныққан №60 мектептегі құқықтық кеңес үлкені алтыншы, кішісі екінші сыныпта оқитын апалы-сіңлілі төрт қыздың әкесі Марат Сәдуовке балаларының шашы өскенше, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін уақыт беру туралы шешім қабылдады.

XS
SM
MD
LG