Accessibility links

ЦРУ "Әл-Қаида" мен Иранның байланысы туралы құжаттарын жариялады


Усама бен Ладен, "Әл-Қаида" ұйымының бұрынғы басшысы.
Усама бен Ладен, "Әл-Қаида" ұйымының бұрынғы басшысы.

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) америкалық арнайы жасақ 2011 жылы 1 мамырда Усама бен Ладеннің Пәкістанда жасырынған жерінен тапқан төрт жүз мыңнан астам құжатты жариялады.

ЦРУ бұрын да бірнеше рет бен Ладеннің мұрағатынан алынған біраз құжатты жариялаған. Соңғы құжаттарда америкалық барлау ұйымдарының бен Ладен өмірінің соңына дейін "Әл-Қаиданың" іс жүзіндегі бас қолбасшысы болды деген пікірін растайды. Құжаттарда сонымен қатар "Әл-Қаида" мен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы арасындағы қазіргі жанжалдың себептері де айтылады.

Құпия құжаттарда "Әл-Қаида" басшылығы құраған 19 парақтан тұратын сараптамалық анықтама да бар. Ол сүнниттік жиһадшылар мен шииттік Иранның өзара қарым-қатынасы әлдеқайда күрделі болғанын дәлелдейді. Мысалы, Тегеран 2001 жылы қыркүйекте АҚШ Ауғанстанға басып кірген соң бұл елден қашқан бен Ладен содырларының бір бөлігін паналатқан. Бұдан бөлек, Иран "Әл-Қаида" содырларын қаржыландырып, қаруландырған, оларды Ливандағы "Хезболла" лагерлерінде жаттықтырған. Ал Әл-Қаида" содырлары мұның қайтарымы ретінде Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағының басқа да елдеріндегі америкалық нысандарға шабуыл жасаған.

Құжаттарға қарағанда, "Әл-Қаида" мен Тегеранның кейде араздасып қалған кездері де болған. Мысалға, бен Ладен бір кездері Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге Иранда қамауда отырған өзінің отбасы мүшелерін босатуды талап етіп хат жазған. Бен Ладен тіпті ирандықтар ұстап отырған командирлерінің біріне айырбастау үшін ирандық дипломатты ұрлауға тапсырма да берген.

XS
SM
MD
LG