Accessibility links

Ақтөбе облысында 50 ауылдың өз бюджеті құрылмақ


Ауыл әкімдерінің республикалық форумы. Ақтөбе, 2 қараша 2017 жыл.
Ауыл әкімдерінің республикалық форумы. Ақтөбе, 2 қараша 2017 жыл.

Ақтөбеде 2 қарашада ауыл әкімдерінің республикалық форумы өтті. Бұл - Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізер алдындағы төртінші форум. Ақтөбедегі форумға ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның батысындағы халқының саны екі мыңнан асатын ауылдардың әкімдерін жинаған.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыста 147 ауылдық округ бар. Соның елуінің жаңа жылдан бастап дербес бюджеті болады.

Ақтөбе облысындағы 2018 жылдан бастап дербес бюджеті болатын елу ауылдың бірі – Ырғыз ауданындағы Аманкөл селолық округі. Аманкөлдің әкімі Абат Баймұқановтың айтуынша, үш елді мекен кіретін округте 2100 адам тұрып жатыр. Ауыл әкімі қолына қаржы тисе, алдымен ауыз су мен балабақша мәселесін шешкісі келеді.

Абат Баймұқанов, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылдық округінің әкімі. Ақтөбе, 2 қараша 2017 жыл.
Абат Баймұқанов, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылдық округінің әкімі. Ақтөбе, 2 қараша 2017 жыл.

Абат Баймұқанов желтоқсан айына жоспарланған аудандық мәслихат сессиясына 2018 жылға жоспарланған ауыл бюджетін ұсынып көрмек. Егер мәслихат бекітіп жатса, Аманкөл ауылдық округінің 2018 жылға арналған бюджеті 60 миллион теңге болады. Оның жұмсалуын құрамына ауыл ақсақалдары, кәсіпкерлер мен тұрғындар енген жергілікті қоғамдастық комиссиясы қадағалайды.

Форумда сөйлеген сөзінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл әкімдерінен "мемлекет қалтасы мен өз қалталарын шатастырып алмауды" сұрады.

Ауыл бюджетінің кіріс көздері салық түсімдерінен, салықтық емес түсімдерден (мемлекеттік мүлікті жалдаудан түсетін табыс), коммуналдық меншікті сатудан түсетін табыс пен әкімшілік құқық бұзушылық үшін төленетін айыппұлдардан құралмақ. Оны ауыл әкімдері 19 бағытта, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім, ауылдарды абаттандыру, ауыз су мәселесін шешуде жұмсай алады.

Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, қарапайым ауыл тұрғындарына 2018 жылдан бастап өздері төлеген салықтың қайда жұмсалатынын қадағалау мүмкіндігі беріліп отыр. Әзірше бұл мүмкіндік Қазақстандағы 1066 елді мекенге ғана берілген. Ұлттық экономика министрлігінің жоспарынша, 2020 жылы ел аумағындағы барлық ауылдардың дербес бюджеті болуы тиіс.

XS
SM
MD
LG