Accessibility links

Ұлттық банк Delta Bank-ті лицензиясынан айырды


Алматыдағы Қазақстан Ұлттық банкінің кеңсесі (Көрнекі сурет).
Алматыдағы Қазақстан Ұлттық банкінің кеңсесі (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлттық банкі 3 қарашадан бастап Delta Bank-тің қаржы нарығында банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырды. Ұлттық банктің 3 қарашада хабарлауынша, бұл туралы шешім 2 қарашада қабылданған. Банк бүгіннен бастап клиенттер есеп-шоты бойынша барлық қызметін тоқтатады.

Ұлттық банк ақпаратына қарағанда, Delta Bank-ті лицензиясынан айыруға банктің бір жыл ішінде төлем және қаржы аудару операцияларын жүргізу міндеттемелерін үш реттен көп орындамауы және осы уақыт аралығында пруденциалды нормативтер мен басқа да міндетті нормаларды және лимиттерді үш реттен көп бұзуы себеп болған.

Ұлттық банк Delta Bank-ке уақытша басшылық тағайындап, банкті басқару өкілеттіліктері соған өткен. Ұлттық банк енді сотқа Delta Bank қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату, яғни банкті жою туралы шағым түсірмек. Уақытша басшылық сот банкті жою туралы комиссия құрғанға дейін жұмыс істейді.

Қазақстан Ұлттық банкі соңғы бір жыл ішінде Delta Bank-тің жаңа депозитке ақша қабылдау және банк есепшоттарын ашу лицензиясын бірнеше рет тоқтатқан. Ұлттық банк лицензияны коммерциялық банк банк заңнамаларын бұзғандықтан және ішкі қадағалау жүйесін жақсарту қажеттігінен тоқтатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG