Accessibility links

Бішкекте Қазақстан елшілігі алдында тағы да наразылық танытты


Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдындағы наразылық пикеті. 3 қараша 2017 жыл.

Бішкектегі Қазақстан елшілігі алдында 3 қарашада ондаған адам қазақ-қырғыз шекарасынан еркін өткізуді талап етіп, пикет өткізді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Пикетке қатысқан 40 шақты адам "Қырғыз бен қазақ бір халқы туған", "ЕАЭО-дан шығуды ойластыру керек", "Барлық проблема Бабановтан басталды", Қырғыз-қазақ шекарасы ашылсын!" деген жазулар жазылған плакаттар ұстап шықты.

Наразылық танытушыларға Қазақстан елшілігінен екі өкілі шығып, жиналғандарға ақпарат жазылған парақшалар таратты да, олармен сөйлеспестен елшілікке қайта кіріп кетті. Парақшада Қазақстан билігінің шекарадағы тексеруді күшейту себептері, жалпы шекарадағы жағдай, контрабанда туралы мағлұматтар жазылған. Ақпараттық парақшада Қазақстан сыртқы істер министрлігінің "қырғыз қоғамына екі ел шекарасындағы жағдай туралы дұрыс түсіндірілмегені" туралы мәлімдемесі келтірілген. Пикетке келген құқық қорғаушы Турсунбек Акун қазақ елшілігі өкілдерінің жиналғандармен сөйлеспегеніне наразылығын білдірді.

Пикетте қатысушылар бұдан соң 5 қарашаға дейін шекарадағы жағдай реттелмесе Қырғызстанның ЕАЭО-дан шығуы, ЕАЭО мен ЕҚЫҰ-ға "адам құқығын бұзып жатқанына байланысты" Қазақстанға экономикалық санкциялар салу туралы талап қою жөнінде ұсыныстары бар қарар қабылдады.

Пикетке қатысушылардың кейбірі парламенттегі "Республика-Ата Журт" фракциясының жетекшісі, президент сайлауына басты үміткер болып, жеңіліп қалған Омурбек Бабановтың сайлау алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан назарбаевпен кездескенін сынады.

Турсунбек Акунның айтуынша, пикетті "Орталық Азиядағы адам құқығы конгресі" құқық қорғау ұйымы ұйымдастырды.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG