Accessibility links

Бішкек Kaz Minerals-тың кеніштегі жұмысына қайта рұқсат берді


Қырғызстандағы Бозымчак кеніші.
Қырғызстандағы Бозымчак кеніші.

Қырғызстан үкіметі қазақстандық Kaz Minerals компаниясына Жалал-Абад облысындағы Бозымчак кенішінде жұмыс істеуіне қайтадан рұқсат берді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына Қырғызстанның өнеркәсіп, энергетика және кен пайдалану бойынша мемлекеттік комитетінің баспасөз хатшысы Рыспек Токтоналиев хабарлады. Оның сөзінше, компания "экологиялық заң талаптарын бұзғандықтан" уақытша тоқтатылған. Компания "заң бұзғаны үшін" айыппұл төлеген соң кеніште жұмыс істеуіне қайта рұқсат берілген.

"Мемлекеттік экологиялық және техникалық инспекция Бозымчак кенішінде экология бойынша заң бұзылғанын, яғни ағаштарды отағанын анықтаған. Бұл үшін инспекция 10 мың доллар айыппұл салған. Бұл заң бұзушылықты жою үшін біз компания лицензиясын 1 қарашадан бастап үш айға уақытша тоқтаттық. Бірақ кеше инспекция Kaz Minerals заң бұзуды жойып, айыппұл төледі деп бізге хабарлаған соң, бүгіннен бастап кенішті игеруіне қайтадан рұқсат бердік" деді Токтоналиев.

Kaz Minerals компаниясы 2 қарашада қырғыз үкіметі өзінің Бозымчак кенішін игеру жұмыстарын үш айға тоқтатқанын хабарлаған. Компания шахталары барлық талапқа сай екенін және қазір тиісті билік өкілдерімен кеніштегі жұмысты қайта бастау жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Компания Лондон, Гонконг және Қазақстан қор биржаларында тіркелген. Қазақстанда бірнеше кенішті игеретін компания Қырғызстандағы Бозымчак кенішінен 2014 жылдан бастап алтын мыс өндіре бастаған. Компания Бозымчакта 2016 жылы жеті мың тоннадан астам мыс және бір тоннадан сәл астам алтын өндірген.

XS
SM
MD
LG