Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bank RBK-дегі жағдайға қатысты пікірін білдірді. Астанада өткен "Нұр Отан" партиясы саяси бюросының кеңейтілген жиынында Назарбаев "ұрыларды қамап", "ақшаны қайтартқызуға" уәде берді.
"Мен бұл проблеманы жақсы білемін. Онда не болып жатқанын да білемін. Бұл сол акционерлердің ұрлығы ғой. Біз бәрінің есін жиғызамыз. Ұрылар өздеріне тиісті жерде отырады. Оларға ақшаны қайтартқызамыз, банк жұмысын қалпына келтіреміз. Акционерлер, әсіресе жеке тұлғалар өз қаржысын ала алады" деді Назарбаев.
Қазақстан президенті бұл туралы "Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының" басқарма төрағасы Светлана Романовскаяның "бұл банктің барлық салымшылары мен клиенттері қайыршы күйге түсті" деген сөзіне жауабында айтты.
Bank RBK-дан қаржы жымқырылғанын дәлелдейтін сот шешімі туралы ақпар немесе банктің қандай да бір заң бұзғаны туралы факт әзірге ашық дереккөздеріне түскен жоқ.
Қазан айының басында БАҚ-та Bank RBK жеке және корпоративтік клиенттерінің ақшасын алуына ішінара шектеу қойғаны хабарланған. Банк кассасынан және банкоматтан ақша алу операцияларына шектеу салынған. Өткен аптада банк салымшылары - жеке тұлғалар банктің депозиттерінен ақша беруді тоқтатқанына шағымданған.
11 қазанда банк акционерлерінің бірі Владимир Ким басқа акционерлермен, Ұлттық банкпен және Қазақстан үкіметімен келіссөз ұйымдастырып, банкті қосымша капиталдандыру шарттарын сөйлесіп жатқанын хабарлаған. Активінің көлемі жағынан ең ірі он банк қатарына кіретін Bank RBK ол кезде қаржылық жағдайын нығайтудың әлде бір шараларын дайындап жатқанын мәлімдеген.
18 қазанда Ұлттық банк Bank RBK-ге жазбаша ұйғарым түрінде ықпал ету арқылы шектеу шарасын қолданған. Сол күні ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Bank RBK акционерлерімен және негізгі кредиторларымен қызу келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан.