Accessibility links

Сағынтаев шекарада "кедергі қолдан жасалғанын" жоққа шығарды


Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков (сол жақта) пен Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Ташкентте өтіп жатқан ТМД елдері үкімет басшыларының кездесуінде Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды мәселе қылып көтерді. Ақпараттарға қарағанда, бұл мәселе жиынның күн тәртібінде болмаған.

Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, Сапар Исаков Қазақстан ТМД-ның еркін сауда аймағын құру туралы келісімінің талаптарын "толық орындамай отырғанын" мәлімдеді. Ал Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанды Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясында өзіне алған міндеттерін "толық орындауға" шақырды.

Исаковтың сөзінше, Қазақстан 10 қазаннан бастап шекарада тауар мен көлік қозғалысының еркін өтуіне "қолдан кедергі жасап отыр". "Көліктер бес күнге дейін тексеруден өтеді. Әр кезде әр түрлі себеп айтады, Қырғызстан контрабанда тасымалдап жатыр дегенге дейін барды. Ауыл шаруашылығы, сүт өнімдерін контрабанда деуге бола ма?" деді Исаков. Оның сөзінше, бұдан Қырғызстан мен Қазақстанның және үшінші елдің кәсіпкерлері шығынға батып отыр.

"Қолданылып жатқан шаралар халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді. 20 күннен астам уақыттан бері жағдай жақсармай тұр, бұл Қырғызстанды ЕАЭО мен Дүниежүзілік сауда ұйымына жүгінуге мәжбүрлеп отыр" деген Сағынтаев Қазақстан қолданып отырған шаралар "уақытша болатын шығар" деген үмітін білдірген.

Бақытжан Сағынтаев бұған жауабында үкімет қырғыз тарапының пікірін дұрыс көрмейтінін мәлімдеді. Сағынтаевтың сөзінше, Қазақстанның бұл мәселе бойынша ұстанымы "ЕАЭО елдерінің ортақ экономикалық кеңістігін құру идеологиясына толық сай келеді" және одақ елдері үшін экономикалық қауіп-қатерлерді азайтуды мақсат тұтады.

25 қазанда Ереванда өткен ЕАЭО елдері үкімет басшыларының кездесуінде Сағынтаев Қырғызстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы туралы мәліметтер арасында "кәдімгідей айырмашылық" барын мәлімдеп, Қырғызстанмен шекарадағы тексерудің күшейтілу себебін "контрабандамен күрес" деп түсіндірген. Бішкектің ұйғарымынша, мұндай проблема ЕАЭО елдерінің барлығында бар.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын. Бірақ үлкен жүк көліктері шекарадан өтерде әлі де жіті тексеріліп, соның салдарынан кезек азаймай тұр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG