Accessibility links

Ресей Канаданың Магнитский заңына қарсы санкция жариялады


Мәскеудегі Сергей Магнитский бейіті.
Мәскеудегі Сергей Магнитский бейіті.

Мәскеу Канаданың Магнитский заңын қабылдағанына қарсы жауап бермек. Ол заң бойынша Ресейдің 30-ға жуық шенеунігіне Канада санкция жариялаған еді.

Заң Ресейдегі коррупцияны зерттеймін деп түрмеге түсіп, 2009 жылы қаза тапқан адвокат Сергей Магнитский атымен аталады. Магнитский ашқан коррупциялық қылмыстарды Кремль теріске шығарған.

Канада сыртқы істер министрлігі жариялаған тізім 2012 жылы АҚШ қабылдаған Магнитский заңындағы тізімге ұқсайды. АҚШ тізіміне де Магнитскийдің өліміне кінәлі және ол ашқан коррупциялық схемаларға қатысы бар деген адамдар кірген болатын.

Канада Магнитский заңын жыл басында қабылдаған. Ресей оған қатты наразы болған. Тізімді Ресей тергеу комитеті төрағасы Александр Бастрыкин бастап тұр, одан бөлек, Ресей ішкі істер министрлігінің, салық органдарының шенеуніктері де санкцияға ілінген.

Қарашаның 3-і күні Азаттықтың Орыс қызметі Ресейдің Канаданың ондаған азаматына өз аумағына кіруге тыйым салғанын хабарлады. Ондай шара Канаданың тізіміне қарсы жауап ретінде қабылданған.

Ресей билігі Канада санкцияларын шегермесе, қарсы әрекет жасайтынын ескерткен еді. Ресей сыртқы істер министрлігінің веб-сайтында осы мекеменің баспасөз хатшысы Мария Захарованың Оттаваға (Канада астанасы - ред.) қарсы мәлімдемелері жарияланды. Мария Захарова «Оттава осы әрекетімен нені көксейді?», «Канада шынымен Ресейге қандай да бір қысым жасай аламын деп ойлай ма, әлде қоқан-лоқы көрсетіп отыр ма?» дейді. Осылай деген Захарова Мәскеудің Канада азаматтарына қарсы санкция жариялауын "қарсы жауап" деп атаған.

"Магнитский заңын" Канада парламентінің қос палатасы 2017 жылы қазанның 19-ы күні мақұлдаған. Заңда адам құқығын бұзуға және коррупциялық қылмыстарға қатысы бар деген адамдардың активтерін бұғаттау және олардың Канадаға кіруіне тыйым салу қарастырылған. Канада парламентінде өткен тыңдауда "Магнитский заңы" ең әуелі Ресей, Венесуэла, Иран, Вьетнам және Мьянма шенеуніктеріне қатысты қолданылатыны айтылған.

Ресейдің Оттавадағы елшілігі заңның күшіне енуін "ақылға сыймайды" деп атаған еді. Бұған дейін Мәскеу Канадада "Магнитский заңының" қабылданғанын жауапсыз қалдырмайтынын және санкцияға іліккен канадалықтар тізімін ұлғайтатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG