Accessibility links

Қырғызстан: Бабановтың үстінен қылмыстық іс қозғалды


Қырғызстан президент сайлауынан кейін баспасөз мәслихатында сөйлеп отырған Омурбек Бабанов. Бішкек, 16 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президент сайлауынан кейін баспасөз мәслихатында сөйлеп отырған Омурбек Бабанов. Бішкек, 16 қазан 2017 жыл.

Қырғызстанда қазан айында өткен президент сайлауына түскен Омурбек Бабановқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын осы елдің бас прокуратурасы 4 қараша күні хабарлады.

Бабановқа қарсы қылмыстық істі Қырғызстан бас прокуратурасы қозғаған. Ресми ақпаратта "Жогорку Кенеш депутаты Омурбек Бабановқа және басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздық қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны" жазылған.

Қырғызстан бас прокуратурасы "тергеуге дейінгі тексеру кезінде Жогорку Кенеш депутаты О. Бабановтың 2017 жылы 28 қыркүйек күні сайлауалды науқаны барысында Ош қаласы Әмір Темір ауданының негізінен ұлты өзбек тұрғындарымен кездескені анықталды. Бабанов олардың дауыстарын алу мақсатында кездесуде этникалық өзбектердің құқығы шектелетіні, елде ұлттар теңдігі жоқ екені, мемлекеттік органдар тарапынан өзбектерге қысым жасалатыны туралы пікірлер айтып, мұндай жағдайға белсенді түрде қарсылық көрсетуге шақырған" деп хабарлайды.

Қырғыз бас прокуратурасы қылмыстық істің осы елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолданғанын жазады.

Омурбек Бабановтың өзі бұған дейін әлгі кездесуде айтқан сөздері бұрмаланғанын, электрондық БАҚ беттерінде тараған видеолардың "монтаждалғанын" мәлімдеген болатын.

Бабановтың Оштағы кездесуінің видеолары сол күні-ақ (28 қыркүйек - ред.) интернет арқылы тараған. Азаттықтың Қырғыз қызметі әлгі кездесуде Бабановтың "сайлау кезіндегі заң бұзушылықтарға қарсы тұра білу керек екенін айтқанын", "Интернетте оның "Тізе бүккенше қасқайып өлген артық", "егер полиция қызметкері өзбектерге қол тигізсе, ол жұмыстан шығарылады" деген сөздері тарағанын"​ жазады.

Бабановтың жақтастары оның "Тізе бүккенше қасқайып өлген артық" деген сөздерін "сайлаушыларды белгілі бір кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлеген кезде көнбеуге шақырғаны" деп санайды.

Алайда кейбір азаматтар Бабановтың бұл сөздеріне наразы болған. Қырғызстан орталық сайлау комиссиясына 19 арыз түсіп, комиссия оған сайлауға 4 күн қалғанда (11 қазан күні - ред.) үшінші ескерту берген болатын.

Бабановтың сайлау штабы әлеуметтік желілерде тараған видео "жалған" әрі "монтаждалған" деп мәлімдеген.

Қырғызстанда 15 қазан күні өткен президент сайлауында екі негізгі кандидаттың бірі болған Омурбек Бабанов 33 пайыз дауыспен жеңіліп, оның қарсыласы, Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) үміткері Сооронбай Жээнбеков 54 пайыз дауыспен жеңген.

XS
SM
MD
LG