Accessibility links

Бабановтың Ресейде емделіп жатқаны хабарланды


Омурбек Бабановтың баспасөз мәслихатында сөйлеп отырған сәті. Бішкек. 16 қараша, 2017 жыл.
Омурбек Бабановтың баспасөз мәслихатында сөйлеп отырған сәті. Бішкек. 16 қараша, 2017 жыл.

Қырғыз парламентінің «Республика - Ата-Жұрт» фракциясының басшысы, 15 қазанда өткен президент сайлауына кандидат болған Омурбек Бабанов Ресейде ем қабылдап жатыр.

Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне оның партиясындағы серіктері айтқан. Бабановтың Ресейге қашан кеткені және қашан қайтып оралатыны жайлы хабарланбаған.

4 қарашада. Қырғызстан бас прокуратурасы Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті - ред.) депутаты Омурбек Бабанов пен оның серіктеріне қатысты іс қозғаған болатын.

Бас прокуратураның ресми ақпаратында "Жогорку Кенеш депутаты Омурбек Бабановқа және басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздық қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны" жазылған.

Қырғызстан бас прокуратурасы "тергеуге дейінгі тексеру кезінде Жогорку Кенеш депутаты О. Бабановтың 2017 жылы 28 қыркүйек күні сайлауалды науқаны барысында Ош қаласы Әмір Темір ауданының негізінен ұлты өзбек тұрғындарымен кездескені анықталды. Бабанов олардың дауыстарын алу мақсатында кездесуде этникалық өзбектердің құқығы шектелетіні, елде ұлттар теңдігі жоқ екені, мемлекеттік органдар тарапынан өзбектерге қысым жасалатыны туралы пікірлер айтып, мұндай жағдайға белсенді түрде қарсылық көрсетуге шақырған" деп хабарлаған.

Омурбек Бабановтың өзі бұған дейін әлгі кездесуде айтқан сөздері бұрмаланғанын, электрондық БАҚ беттерінде тараған видеолардың "монтаждалғанын" мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG