Accessibility links

Бабанов: Маған қарсы қылмыстық істің саяси астары бар


Омурбек Бабановтың баспасөз мәслихатында сөйлеп отырған сәті. Бішкек, 16 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан парламентінің депутаты, президенттіктен бұрынғы кандидат Омурбек Бабанов өзіне қозғалған қылмыстық істі "саяси іс" деп атады.

"Біз бүгін құқық қорғау органдары тарапынан бассыздық жасалғанын көріп отырмыз. Олар саяси қылмыстық іс қозғап отыр. Бұл бәрімізге белгілі" деді Бабанов.

Ол сонымен бірге елдегі жағдайға өзін кінәлап, әзәзіл етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. "Билік проблеманың көзі Бабановта емес екенін түсінбейді. Олар мені саяси алаңнан алып тастағанымен, проблема шешілмейді. Елдің жағдайы жақсарып кетпейді. Шындық бәрібір шығады" деді ол.

4 қарашада Қырғызстан бас прокуратурасы Жогорку Кеңеш депутаты, президенттік сайлаудан үміткер болған Өмірбек Бабанов пен басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексі 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.

Бұл іс Бабановтың 28 қыркүйекте сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде Ош қаласының "Әмір Темір" шағын ауданы тұрғындары алдында сөйлеген сөздеріне байланысты қозғалған.

Қырғызстан бас прокуратурасы "Тергеуге дейінгі тексеру кезінде Жогорку Кенеш депутаты О. Бабановтың 2017 жылы 28 қыркүйек күні сайлауалды науқаны барысында Ош қаласы Әмір Темір ауданының негізінен ұлты өзбек тұрғындарымен кездескені анықталды. Бабанов олардың қолдауына ие болу мақсатында кездесуде этникалық өзбектердің құқығы шектелетіні, елде ұлттар теңдігі жоқ екені, мемлекеттік органдар тарапынан өзбектерге қысым жасалатыны туралы пікірлер айтып, мұндай жағдайға белсенді түрде қарсылық көрсетуге шақырған" деп хабарлаған.

Омурбек Бабановтың өзі бұған дейін әлгі кездесуде айтқан сөздері бұрмаланғанын, электрондық БАҚ беттерінде тараған видеолардың "монтаждалғанын" мәлімдеген болатын.

"Республика" партиясының өкілдері Омурбек Бабановтың қазір Ресейде емделіп жатқанын айтады. Оның қашан елге оралатыны белгісіз.

Қырғызстанда 15 қазанда өткен президент сайлауы кезінде Өмірбек Бабанов жеңіске жеткен билік партиясы атынан түскен Сооронбай Жээнбековтің басты қарсыласы болды.

AzattyqTV

Қазақстанда медицина сапасы қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:41 0:00
XS
SM
MD
LG