Accessibility links

Қаржы министрі: Үкімет Bank RBK мәселесін тексеріп жатыр


Бақыт Сұлтанов, Қазақстан қаржы министрі.
Бақыт Сұлтанов, Қазақстан қаржы министрі.

Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтанов үкімет, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектор клиенттері есепшотынан ақшаларын беруден бас тартқанына және картамен төлем жасай алмай жатқанына шағымданған Bank RBK мәселесін "тексеріп" жатқанын мәлімдеді. Астанада өткен үкімет жиыны арасында Сұлтанов банкке қатысты келіссөздердің нәтижесі туралы бірдеңе деуге әзірге "әлі ерте екенін" айтты.

3 қарашада "Нұр Отан" партиясының жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bank RBK-ке қатысты шағымдарды естіп, біліп отырғанын мәлімдеген. Президент банктегі жағдай "акционерлердің ұрлығынан туған мәселе" екенін айтып, "акционерлердің есін жидыруға" уәде берген. "Ұрылар өздеріне тиісті жерде отырады. Оларға ақшаны қайтартқызамыз, банк жұмысын қалпына келтіреміз. Акционерлер, әсіресе жеке тұлғалар өз қаржысын ала алады" деді Назарбаев. Дегенмен, Bank RBK-дан қаржы жымқырылғанын дәлелдейтін сот шешімі туралы ақпар немесе банктің қандай да бір заң бұзғаны туралы факт әзірге ашық дереккөздеріне түскен жоқ.

Қазан айының басында БАҚ-та Bank RBK жеке және корпоративтік клиенттерінің ақшасын алуына ішінара шектеу қойғаны хабарланған. Банк кассасынан және банкоматтан ақша алу операцияларына шектеу салынған. Өткен аптада банк салымшылары - жеке тұлғалар банктің депозиттерінен ақша беруді тоқтатқанына шағымданған.

11 қазанда банк акционерлерінің бірі Владимир Ким басқа акционерлермен, Ұлттық банкпен және Қазақстан үкіметімен келіссөз ұйымдастырып, банкті қосымша капиталдандыру шарттарын сөйлесіп жатқанын хабарлаған. Активінің көлемі жағынан ең ірі он банк қатарына кіретін Bank RBK ол кезде қаржылық жағдайын нығайтудың әлде бір шараларын дайындап жатқанын мәлімдеген.

18 қазанда Ұлттық банк Bank RBK-ге жазбаша ұйғарым түрінде ықпал ету арқылы шектеу шарасын қолданған. Сол күні ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Bank RBK акционерлерімен және негізгі кредиторларымен қызу келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG