Accessibility links

Сот Рысқалиевтер отбасына тиесілі құрылысты мемлекет меншігіне бермеді


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты (Көрнекі сурет).

"Ақтөбе облыстық соты облыс орталығындағы салынып бітпеген қонақ үйді коммунальдық меншікке алмақ болған қалалық қаржы бөлімінің өтінішін қанағаттандырмай тастады. Бұл құрылыс Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің қарындасы Гүлжанар Рысқалиеваға тиесілі" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Күзет қойылмаған құрылыс Ақтөбенің 12-ықшамауданында. Қалалық әкімдікте құрылған жұмыс тобы салынып бітпеген құрылысты зерттеп көрген соң, оны мемлекет меншігіне өткізуді сұрап, сотқа өтініш жазған.

Сот мәліметінше, бұл құрылыс 46 жастағы Гүлжанар Рысқалиеваның меншігі. Гүлжанар Сәулебайқызы бұрын Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевтің туған қарындасы.

Бергей Рысқалиевке "бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет бабын теріс пайдаланды", ал оның ініс Аманжан Рысқалиға "алаяқтық жасады" деген айыптар тағылған. Бергей Рысқалиевпен бірге қызмет еткен бір топ лауазымды қызметкерлер мен туыстарының үстінен де қылмыстық іс қозғала бастағаны мәлім болған.

Кейінірек ағайынды Рысқалиевтердің ел аумағынан шығып кеткені туралы хабар тараған. Қазақстан қаржы полициясы 2013 жылы қаңтарда ағайынды Рысқалиевтерге және олардың тоғыз серігіне халықаралық іздеу жариялады. Полиция "Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты «қаржы жымқырды" деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқанын, олардың есепшоттары бұғатталғанын да хабарлаған. Гүлжанар Рысқалиеваға да 2013 жылғы 13 мамыр күні халықаралық іздеу жарияланған. Осыдан кейін қаржы полициясы Гүлжанар Рысқалиеваға тиесілі мүліктің бәріне арест қойған.

"Сот құрылысы бітпеген қонақ үйді иесіз мүлік деп тани алмайды. Сондықтан Ақтөбе қалалық қаржы бөлімінің өтініші қанағаттандырылған жоқ" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

13 қазан күні қабылданған сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген.

XS
SM
MD
LG