Accessibility links

Бұрынғы Верныйда совет үкіметі қалай орнады


Октябрь революциясы күрескерлеріне қойылған Алматыдағы ескерткіш. 1967 жылы "Октябрьге - 50 жыл" (қазіргі Рысқұлов) даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысына орнатылған ескерткіш әкімдік шешімімен қаланың батыс бөлігіне - Family Park-ке көшірілген. Паркте Ленин, Горький, Калинин, Фрунзе және Виноградов ескерткіштері бір жерге жиналған. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.
Октябрь революциясы күрескерлеріне қойылған Алматыдағы ескерткіш. 1967 жылы "Октябрьге - 50 жыл" (қазіргі Рысқұлов) даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысына орнатылған ескерткіш әкімдік шешімімен қаланың батыс бөлігіне - Family Park-ке көшірілген. Паркте Ленин, Горький, Калинин, Фрунзе және Виноградов ескерткіштері бір жерге жиналған. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.

Кей зерттеушілер қазіргі Алматы территориясында большевиктер үкіметі «классикалық» жолмен емес, бірнеше саяси күштердің жұмылуымен орнады деп санайды.

САЯСИ ЖАҒДАЙДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Верный қаласында совет үкіметі Петроградтағы Октябрь революциясынан соң шамамен төрт айдан кейін ғана орнады. Мұның себебін Верный қаласы мен Жетісу облысының Ресей империясының сол кездегі астанасынан шалғайлығымен түсіндіруге бола ма? Болмайтын сияқты. Өйткені Верныйға қарағанда, Ташкент пен Петроградтың арасы сәл қашықтау, бірақ ол жақта совет үкіметі 1917 жылы қарашаның 1-і (14-і) күні – тіпті Мәскеудің өзінен бір күн ерте орнаған болатын. Негізгі себеп әсте жер шалғайлығында емес, аймақтағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайға байланысты болатын. Ал Верныйдағы жағдай қиын болып тұрған еді.

1917 жылдың орта шеніне дейін большевиктердің қала мен облыстағы позициясы саяси қарсыластарындай мықты болған жоқ. Тарихшылардың айтуынша, Верный мен казак стнцияларында меньшевиктер партиясы мен эсерлердің, ал қазақ ауылдарында «Алашорда» ықпалы күшті болған. Басшы құрылымдары Верныйға іргелес Үлкен Алматы станциясында орналасқан Жетісу казактары да үлкен күш болатын. Бұдан бөлек, Совет үкіметі жеңген аймақтардан офицерлер мен юнкерлер сияқты «контрреволюциялық элементтер» Верныйға ағылып жатты.

1975 жылы 28 панфиловшылар атындағы паркке орнатылған Даңқ мемориалының бір бөлігі Совет үкіметін орнатқандарды еске түсіреді. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.
1975 жылы 28 панфиловшылар атындағы паркке орнатылған Даңқ мемориалының бір бөлігі Совет үкіметін орнатқандарды еске түсіреді. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.

Майдангер солдаттар мен тыл жұмыстарына жұмылдырылған қазақтар елге орала бастаған 1917 жылғы жазда өлкеде революциялық көңіл-күй мен большевиктердің ықпалы күшейді. Верныйдың солдат және жұмысшы депутаттары советі жанында, кейбір әскери бөлімдерде, типография мен почта-телеграф конторасында большевик топтар құрылды. Жоғарғы атамандарымен салыстырғанда ықпалы әлсіз болған большевиктерге әсіресе казак станицаларында қиын болды.

Петроградта революция басталар сәтке қарай өзге жерлер сияқты Верныйда да қос үкімет орнады. Бір жағынан – екі түрлі облыстық советтер (солдат және жұмысшы депутаттар мен шаруа депутаттар кеңесі). Екінші жағынан – Уақытша үкімет комиссарлары.

Петроградта революция басталар сәтке қарай өзге жерлер сияқты Верныйда да қос үкімет орнады. Бір жағынан – екі түрлі облыстық советтер (солдат және жұмысшы депутаттар мен шаруа депутаттар кеңесі). Екінші жағынан – Уақытша үкімет комиссарлары. Қазанның 27-сі өткен Жетісу облысы ұйымдарының шұғыл отырысында совет депутаттары Петроград пен Ташкенттегі көтерілістерді айыптады. Бірақ большевиктердің жиында сөйлегенінің арқасында казак атамандарының өкілдері ұсынған большевиктерге қарсы қарар өтпей қалды.

Қарашаның 2-сі биліктен қуылған Уақытша үкімет өкілдері Орест Шкапский мен Мұхаметжан Тынышпаев өздерін Түркістанның жоғарғы билігі деп жариялап, Жетісуда соғыс жағдайын енгізіп әрі қоғамдық қауіпсіздік комитетін құруға тырысты. Олар Жетісу казактары бөлімдері мен мұсылмандар негізгі тірегіміз болады деп үміттенді. Бірақ әлгі «төңкеріс» сәтсіз болып шықты. Уақытша үкімет комиссарларының әрекетіне қарымта ретінде станцияларда бүкіл билікті әскерлер кеңесі алды, ал атқарушы билік жаңа құрылым – әскерлер үкіметіне берілді.

РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ҮГІТ ПЕН ҚУДАЛАУ

Әскерлер үкіметі Верныйдағы соғыс жағдайының күшін жоймақ түгілі, қайта бүкіл Жетісу облысындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Уақытша үкіметтің бұрынғы Түркістан комитетінің мүшелері Шкапский мен Иванов Орынбордағы атаман Дутовқа Жетісудағы билікті Әскерлер үкіметі мен «Алашорда» комитетімен бірлесіп ұстап тұрмыз деп Верныйдан телеграмма жолдады.

Ал бұл кезде большевиктер революциялық үгіт-насихатты күшейткен болатын. Мысалы, қарашаның 1-іне (14-іне) жетпей Верныйда большевиктік үндеу парақтары тарай бастады. Большевиктердің жетекшілері биліктің әрекеті мен жарлықтарына қарсы әрекет етуге шақырды. Бұл үшін олар қалалық дума мінберін де, 1918 жылғы қаңтарда өткен екінші шаруалар съезі мінберін де пайдаланды. Әлгі съезге әртүрлі саяси партия өкілдері қатысқанымен, большевиктердің Ресейдегі жағдай және билік туралы қарары көпшілік дауыспен қабылданды.

Революция күрескерлерінің ұмытылмайтыны жазылған гранит тас. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.
Революция күрескерлерінің ұмытылмайтыны жазылған гранит тас. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.

1918 жылғы ақпанда большевиктер алғаш рет билікті басып алуға тырысқан болатын. Ақпанның 14-інен 15-іне қараған түні Верный көшелерінде халықты жалпықалалық митингіге шақырған парақтар жапсырылды. Совет тарихшысы Сүлеймен Жүсіпбековтің жазуынша, ақпанның 15-і және 16-сы күндері большевиктер қала аудандарында митингілер өткізді. Ең көп адам қатысқан митинг ақпанның 15-і Старо-Кладбище алаңында (қазір әлгі орында жерде Амангелді Имановтың ескерткіші тұр) өтті. Жұмысшылар мен қала кедейлерінен бөлек, оған 2-ші Жетісу казак полкының көптеген казактары да қатысты. Митинг Шкапский мен Ивановты тұтқындау және Совет үкіметін орнату туралы қарар қабылдады. Әскери үкімет митингіні қуып таратылып, кей ұйымдастырушыларды тұтқындады.

Әскерлер үкіметі мен әскерилер большевиктер ықпалының күшеюіне қарсыласып бақты. Мысалы, Верный советінде большевиктердің ықпалы күшейіп кеткендіктен, 1917 жылғы желтоқсанда оны таратып жіберіп, бірнеше депутатты қамауға алды. 1918 жылғы ақпанда большевиктерге казактар қауымы туралы мәлімет берді деген айыппен екі урядник пен әскерлер басқармасының екі писарі (хатшы) қамалды. Әскерлер үкіметі большевик Березовский редакторы болған «Крестьянская газета» басылымын шығаруға да тыйым салды.

1917 жылғы желтоқсанда большевик Александр Березовский мен Карп Овчаровты қастандықпен өлтіру оқиғасы Верныйды біраз дүрліктірді. Екеуін тұтқындап, әуелі Кіші Алматы станциясына апарған, ал ол жақтан казак күзетшілер София станицасына алып кеткен. Жолда екеуін күзетшілер өлтірген. 1918 жылғы қаңтарда екінші шаруалар съезі Березовский мен Овчаровты өлтіруге қатысты жайттарды дереу тексеріп, қылмысты ұйымдастырушылар мен орындаушыларды жазалауды талап етті.

БИЛІКТІ ҚАН ТӨГІССІЗ АЛДЫ

Тарихшы Татьяна Митропольская постсоветтік кезеңде жазылған кандидаттық диссертациясында 1918 жылғы наурыздың 2-сі болған оқиғаларды былай сипаттайды:

Көп ұзамай барлаушылар полк атынан барғандардың бәрі тұтқындалды деген хабар алып келді. Енді күдік қалмады, полк оларға көмекке аттанды.

«Таңертең екінші [казактар] полкы қарусыз сапқа тұру туралы бұйрық алды... Мұның қақпан болуы мүмкін деп күдіктенген полк өре түрегелді. Мән-жайды анықтау үшін депутаттар мен барлаушылар жіберілді. Көп ұзамай барлаушылар полк атынан барғандардың бәрі тұтқындалды деген хабар алып келді. Енді күдік қалмады, полк оларға көмекке аттанды».

2-ші Жетісу полкы мен запастағы жүздік бөлімше (онда 631 казак болған) қызыл ту астына жиналды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары бұл полк Персияда болған еді. Кезінде совет тарихшылары полк ол жақтан Верныйға оралып келе жатқанда жол-жөнекей «солшылданды», өйткені Орта Азияның совет үкіметі орнаған аудандары арқылы өткен кезде казактар Совет үкіметінің мақсаты мен міндеттерімен танысып, оларды құптай бастаған деп мәлімдеген. Ал Верныйға оралғаннан кейін әлгі полкта большевиктер қарқынды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кіріскен. Постсоветтік кезең тарихшысы Татьяна Митропольская казактар бар болғаны күші мығымдау билікті – Совет үкіметін таңдады деген болжаммен полк «большевиктеніп кетті» деген тұжырымды жоққа шығарады.

1918 жылы наурыздың 3-і күні Верныйда Совет үкіметі орнағаны және осы жерде Әскери-революциялық комитет ғимараты болғаны туралы жазу. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.
1918 жылы наурыздың 3-і күні Верныйда Совет үкіметі орнағаны және осы жерде Әскери-революциялық комитет ғимараты болғаны туралы жазу. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.

Совет тарихшылары Верныйда Совет үкіметінің орнауы большевиктердің арқасында ғана мүмкін болды деп жазған. Бірақ іс жүзінде көтерілісті ұйымдастыруға түрлі саяси күштер қатысты. 1918 жылғы наурыздың басына дейін құрылған әскери-революциялық комитетті (ВРК) поручик Павел Береснев (1917 жылғы желтоқсанда Верный түрмесіне түскенге дейін Верныйдағы Георгий кавалерлері одағы төрағасының жолдасы болған) мен аға урядник Трофим Ерискин басқарды. Ол кезде Ерискин көнбістік пен толстовшылдықты (орыс жазушысы Лев Толстойдың іліміне негізделген діни ағым – ред.) уағыздап жүрген болатын. Совет тарихшылары Бересневті коммунисттер қатарына қосқанымен, оның большевизм идеясын қолдағаны күмәнді.

Наурыздың 2-сі күні қызыл гвардия отрядтарын жасақтау басталды. Наурыздың 2-сінен 3-іне қараған түні әлгі отрядтар юнкерлер мен прапорщик топтарының, алашорда жүздігінің қаруларын тартып алып, почтаны, телеграфты, бірқатар мекеме ғимараттарын және бір оқ атпастан қару-жарақ қоймасы орналасқан қамалды басып алды. Тарихшы Татьяна Митропольскаяның жазуынша, сол күні кешкісін Береснев пен Ерискин қызыл гвардия отрядтарына міндеттерді бөліп берген. Екеуі мұны әбден ойластырған, мысалы, Алаш милициясын қарусыздандыруды қазақтардан тұратын жұмысшылар мен майдангерлер отрядына тапсырады. Казактарға қамал мен прапорщиктер мектебін басып алуды жүктеген.

Осындай жолмен құрылған билік пен басқару органы ... шын мәнінде бүтіндей советтік емес, халықтық-демократиялық орган болды. Негізі, 1918 жылғы наурызда Верныйда болған оқиғалардың бәрі пролетариат диктатурасының орнатудың классикалық схемаларына онша үйлеспеді.

Наруыздың 4-і мен 5-і халықтың түрлі топтары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің жиналысын өткізу алғашқы қадам болды. Оның міндеті билікке қатысты мәселені түпкілікті шешу еді. Сөз сөйлегендердің бәрі Ресейде орнаған совет үкіметін, яғни халық комиссарлары кеңесін заңды деп тануды жақтап, көпшілігі советтер билігі үшін дауыс берді. Жиында бұрынғы әскери-революциялық комитет пен облыстық совет қосылып жаңа әскери-революциялық комитет құрылды. Бұған қоса, оған облыс көлеміндегі, оның ішінде совет үкіметіне қарсы белсенді күрескен қоғамдық ұйымдардан да екі делегаттан кірді.

«Осындай жолмен құрылған билік пен басқару органы ... шын мәнінде бүтіндей советтік емес, халықтық-демократиялық орган болды. Негізі, 1918 жылғы наурызда Верныйда болған оқиғалардың бәрі пролетариат диктатурасының орнатудың классикалық схемаларына онша үйлеспеді» деп жазады тарихшы Татьяна Митропольская.

КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛҒАН РЕВОЛЮЦИЯ МЕРЕЙТОЙЫ

Қазақстанның мемлекеттік музейлерінде Октябрь революциясының 100 жылдығына қатысты шаралар өткізу көзделмеген. Мысалы, Қазақстан орталық мемлекеттік музейінің қараша айына арналған көрмелер жоспарында бұл оқиғаға қатысты ештеңе жоқ. Қарашаның 7-сі Жапония мәдениеті күні өтуі тиіс. Қарашаның 10-ы «Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» деген көшпелі көрме жобасы ашылады. Алматы мұражайында қазір «Алматы - объективте» деген фотосуреттер көрмесі өтіп жатыр.

2016 жылғы қазаннан бері ресейлік тарихшылар Ресей мен әлемдегі 1917 жылғы революцияға қатысты саяси, ғылыми және қоғамдық реакцияға мониторинг жүргізген болатын. Оның нәтижелері жуырда Мәскеуде жарияланды. Ресейлік Sputnik басылымы мақаласында әлгі мониторинг тобы мүшесі Людмила Готагованың пікірі келтірілген. Ол «постсоветтік елдердің көбі үшін бұл мерейтой онша ұнамды күн емес, өйткені олар өзгелермен бір қатарда болғысы келмейді, әрқайсысы өз революциясын Ресей революциясынан бөліп алып, өзінін дербес тарихи нарративін құрғысы келеді. Сондықтан революцияны бұлай кешенді зерделеу оларға ұнамайды, олар орыс революциясына борышты болғысы келмейді. Бұған қоса, олар өз мемлекеттігімізді құрудың алғы шарттары сонау орта ғасырлардан бастап пайда болған деп мәлімдейді» дейді.

Мақаланы жазу кезінде орыс тіліндегі мына еңбектер пайдаланылды: "Алма-Ата в период Октября и в годы Гражданской войны (1917–1920 гг.)"; "Летопись событий". Алма-Ата, 1949; Джусупбеков С. "Город Верный" (Алма-Ата, 1980); Алма-Ата. Энциклопедия (Алма-Ата, 1983); Митропольская Т. Б. "Из истории Семиреченского казачества" (Алматы, 1997); Лухтанов А. Г. "Город Верный и Семиреченская область" (Алматы, 2011).

XS
SM
MD
LG