Accessibility links

Бишімбаевтің адвокаты тергеуші прокурорға қарсылық білдірді


Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев (ортада) сотта отыр. Астана, 7 қараша 2017 жыл.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев (ортада) сотта отыр. Астана, 7 қараша 2017 жыл.

Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі, коррупция айыбы тағылған Қуандық Бишімбаевтің ісі бойынша негізгі сот отырысы басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сот барысында Бишімбаевтің адвокаты Сәлімжан Мусин тергеуші прокурор Әлібек Айтжановқа "заңсыз тағайындалды" деп қарсылық білдірді.

Адвокаттың сөзінше, Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істе "процессуалдық кемшіліктер кеткендіктен тергеуші прокурор Әлібек Айтжановқа тиісті өкілеттік берілмеген және кейінгі процессуалдық әрекеттерді жасауға өкілетті болмаған".​

Айыптаушы прокурор адвокаттың талап-арызына қарсылық білдірді. Ал судья Әділхан Шайхисламов бұл талап-тілекке кейін қайта оралатынын айтты.

Пара алды және қаржы жымқырды деп айыпталған 37 жастағы экс-министр Қуандық Бишімбаев осы жылдың басынан бері қамауда отыр. Тергеу тұжырымынша, Бишімбаев "Бәйтерек" холдингін басқарып тұрған кезінде коррупциялық қитұрқылық жасап, Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына бөлінген қаржыны жымқырған. Бишімбаев айыбын мойындамайды.

31 қазанда өткен алдын ала сот тыңдауында Бишімбаев ісі бойынша сотталғандардың біразы айыптарын "мойындайтыны" белгілі болған.

XS
SM
MD
LG