Accessibility links

Кабулда телеарнаға жасалған шабуыл аяқталды


Ауғанстан қауіпсіздік қызметінің өкілдері Shamshad TV телеарнасының құтқарылған қызметкерлерін қауіпсіз жерге әкетіп барады. Кабул, 7 қараша 2017 жыл.
Ауғанстан қауіпсіздік қызметінің өкілдері Shamshad TV телеарнасының құтқарылған қызметкерлерін қауіпсіз жерге әкетіп барады. Кабул, 7 қараша 2017 жыл.

Кабулдағы жекеменшік Shamshad TV телеарнасының басшылары телеарнаға жасалған шабуыл аяқталып, хабар тарату қалпына келтірілгенін хабарлады.

Телеарнаның ауған арнайы күштері командиріне сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл аяқталып, телеарна ғимараты ішіндегі барлық қызметкер құтқарылған. Шабуыл құрбандарының саны әзірге белгісіз.

Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алды. "Талибан" қозғалысы шабуыл бастала салғанда-ақ оған қатысы барын жоққа шығарған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, қарулы үш адам пуштун тілінде хабар тарататын Shamshad TV күзетшісін атып өлтіріп, жарылыс жасап, артынша ғимаратқа шабуылдаған. Полицияның Азаттықтың Ауған редакциясына хабарлауынша, телеарна ғимараты ішінен атыс үні естіледі.

Телеарнаның кейбір журналистері мен қызметкерлері шабуыл кезінде ғимараттан қашып шыға алған.

Кабул полициясының ресми өкілі Басир Муджахид шабуылдан құрбан болғандар бар болуы мүмкін екенін, бірақ нақты саны белгісіз екенін айтты.

Телеарнаның Twitter-дегі аккаунтында телеарна қызметкерлері ғимаратта бірнеше адамның қаза тапқанын хабарлағаны жазылған. Телефонмен сөйлескен телеарна қызметкерлері қаза болғандар саны бес адамға дейін жетуі мүмкін екенін айтты.

Өткен жылы "Талибан" содыры Ауғанстандағы ең ірі жекеменшік Tolo телеарнасына шабуыл жасап, жеті қызметкерін өлтірген.

XS
SM
MD
LG