Accessibility links

Ташкентте блогер Хает Хан Насреддинов ұсталды


Хает Хан Насреддинов, өзбекстандық блогер.
Хает Хан Насреддинов, өзбекстандық блогер.

Ташкентте Өзбекстандағы белгілі блогер әрі журналист Хает Хан Насреддинов ұсталды. Кейбір ақпараттар бойынша, қазір ол Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) тергеу изоляторында қамауда отыр. Ташкенттік журналист Алексей Волосевич Хает Хан Насреддиновті Ташкентте шамамен 20 қазанда ұстағанын хабарлады.

"Оны не үшін ұстағаны белгісіз. Бұдан өзге, ҰҚҚ қызметкерлері оның өз туыстары тағайындаған адвокаттан "бас тартқанын" айтады" деп жазды Волосевич Asiaterra.info сайтында.

Волосевичтің ақпараты бойынша, Ташкентте тұратын Насреддиновтің отбасы БАҚ-пен сөйлесуге құлықты емес. Оның пікірінше, арнайы қызмет блогердің туыстарына қысым көрсетіп жатыр және оның тұтқындалуының өткен айда Ташкентте ұсталған журналист Бобомурод Абдуллаевтің ісімен байланысы бар болуы мүмкін.

Хает Хан Насреддинов біраз уақыт "Фергана" ақпарат агенттігімен жұмыс істескен. "Фергананың" бас редакторы Даниил Кислов Хает Хан Насреддиновтің ұсталғанынан бері 15 күнге жуық уақыт өткеніне қарамастан оның қамалу себептері туралы ресми ақпарат әлі жоғын айтады.

Хает Хан Насреддинов Өзбекстанда экономикалық білім алған, экономика ғылымдарының докторы. Ол соңғы жылдары Ташкенттің №94 мектебінде сабақ берген. Насреддинов кезінде оппозициялық "Өзбекстанның күнгей коалициясының" мүшесі болған.

XS
SM
MD
LG