Қытайлық туроператорларға Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға туристер апаруды уақытша тоқтатуға пәрмен берілген. Reuters агенттігінің туризм индустриясындағы бес дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, туристерді Солтүстік Кореяның Қытаймен шекарасындағы Синыйджу қаласына бір күндік турмен ғана апаруына рұқсат берілген.
Шектеу АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға ресми сапарынан бір күн бұрын енгізілді.
Туризм Солтүстік Корея үшін аз ғана табыс көзінің бірі саналады. Ал бұл елге келетін туристердің 80 пайызы - қытайлықтар. Халықаралық санкция салынғандықтан Солтүстік Кореядан көмір, теңіз өнімдерін және текстиль экспорттау азайған.
Дональд Трамп Қытай билігін Ким Чен Ын режиміне қысымды күшейтуге шақырады. Дональд Трамптың Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөзіндегі негізгі тақырыптарының бірі Пхеньяннің ядролық бағдарламасы болмақ. 7 қарашада Трамп Солтүстік Корея билігі келіссөзге отырып, ядролық қару жасаудан бас тартуы тиіс екенін мәлімдеген.
Бұған дейін Трамп Ресейді АҚШ-тың Солтүстік Кореяны ядролық қару жасау бағдарламасынан бас тартқызу әрекетіне кедергі келтіріп жатыр деп, ал Қытайды оған көмектесіп жатыр деп айыптаған. Биыл тамызда Солтүстік Корея Ресейде алғашқы туристік агенттігін ашқан.