Жамбыл облысында екі ауыл тұрғындары атысып. бір адам қаза тапты, жеті адам жараланды деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментіне (ІІД) сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.
ІІД ақпаратына қарағанда, оқиға 6 қараша күні түнде Жамбыл ауданының Құмтиын және Аса ауылдарының тұрғындары арасында болған. Сол күні кешке Асадан Құмтиынға бара жатқан көліктегі екі жолаушы жанжалдасып қалып, оның соңы түнге қарай екі ауылдың бір топ тұрғыны арасында атысқа ұласқан. Атыста тегіс ұңғылы бытыра мылтығынан оқ атылған. Атыс салдарынан Қамакемер ауылының 30 жастағы тұрғыны, ер адам оққа ұшып, жараланған жеті адам аудандық ауруханаға қаралған.
Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің "кісі өлімі" бабымен іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған.