Accessibility links

Бішкекте белсенділер үкіметті "мұздықтарды сақтауға" шақырды


Бішкектегі үкімет үйі алдында "мұздықтарды сақтауды" қолдаған акция. 8 қараша 2017 жыл.

Бішкекте сәрсенбіде үкімет үйі алдында белсенділер Су кодексіне Құмтөр кенішіндегі мұздықтарды көшіруге рұқсат беретіндей түзету енгізуге қарсылық акциясын өткізді.

Акцияға қатысқан азаматтық белсенділер мен саясаткерлер Қырғызстан парламентін аталған заң жобасын қабылдамауға шақырды. Олардың сөзінше, мұздықтардың жойылуы "Қырғызстанның ғана емес, Орталық Азия мен бүкіл әлемнің экологиясына кері ықпалын тигізеді".

Митингіге қатысқандар қолдарына "Мұздықтардан қолыңды тарт!" және "Мұздықтарды сақтаймыз!" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, акцияға 60-қа тарта адам қатысты.

Су кодексіне өзгерістерді парламенттің салалық комитеті 31 қазанда мақұлдаған. Құжат Құмтөр алтын кенішіндегі Давыдова және Лысый мұздықтарын көшіруді заңдастырады. Заң жобасын дайындаған үкімет "мұздықтар онсыз да түгелдей еріп барады" деп, оны көшіру экономикалық тұрғыдан пайдалы екенін айтады. Сарапшылар құжат мұздықтарды жоюға рұқсат береді деп біледі.

Құмтөрді игеріп жатқан Centerra Gold Inc. компаниясына алтын өндіру үшін мұздықтарды көшіруге рұқсат беру төңірегіндегі дау 2014 жылдан бері жалғасып келеді. 2015 жылы заң жобасы екі оқылымда мақұлданған болатын, бірақ қоғамның ықпалымен және кейбір жекелеген депутаттардың қарсылығымен кері қайтарылып алынған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG