Accessibility links

Сотталған офицердің туыстары бас прокурорға жүгінбек


Аға лейтенант Біржан Қажиев. Алматы, 2016 жыл. Сурет Қажиевтің туыстарынан алынды.
Аға лейтенант Біржан Қажиев. Алматы, 2016 жыл. Сурет Қажиевтің туыстарынан алынды.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің сотталған офицері Біржан Қажиевтің туыстары мен адвокаты және бірсыпыра құқық қорғау ұйымының өкілдері бейсенбіде Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, офицер ісінде "қарама-қайшылықтар барын" және ол бойынша бас прокуратураға шағымданатындарын мәлімдеді.

Адвокат Талғат Қасенбаев Алматы гарнизонының әскери соты 2017 жылы 22 тамызда 61993 әскери бөлімінің жөндеу ротасының командирі Біржан Қазиевті "қызметіне салғырт қарап, ауыр салдарға, атап айтқанда ұшақтан парашютпен секіру кезінде келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметшінің өліміне әкеліп соқтырды" деп айыптап, үш жылға соттағанын айтады. Адвокаттың сөзінше, сот бұған қоса осы іс бойынша шығарған жеке қаулысында "әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі ведомстволық нормативтік акт талаптарын бұзу фактісі барына, әскери қызметті өтеу жарғысының ережелерін, парашютисті секіруге дайындау нұсқаулығының бұзылғанына" қорғаныс министрінің назарын аударған. Сот сонымен қатар "61993 әскери бөлімінің командирі мен жауапты лауазымды тұлғаларына, Қарулы күштердің шабуылдаушы десант күштері қолбасшылығына қатысты тиісті шаралар қабылдау" қажетіне де назар аударған.

Адвокат Қасенбаевтің айтуына қарағанда, үкім мен жеке қаулы іс жүзінде бір-біріне қайшы келеді. Адвокат мұның себебі үкімде кінәлі офицер Біржан Қажиев деп танылғанын, ал жеке қаулыда десантшыларды дайындау жүйесінің өзінде әскери қызметшілердің өліміне әкеліп соқтыруы мүмкін заң бұзушылық бар дегенге саятын тұжырым жасалғанын айтады. Қасенбаев бұл жағдайда сот Қажиевті кінәлі жасағанын, бірақ өзінің пікірінше офицер "ефрейтор Өзбековтің өліміне тікелей кінәлі емесін" айтады.

Адвокат Қасенбаев алғашқы сот инстанциясына апелляциялық шағым түсірмегенін, себебі апелляциялық сот Қазақсанның әскери соты болғандықтан "істің қалай аяқталары белгілі" екенін айтады. Айыпталушы жақ процессуалдық келісім жасасуға талпынғанымен, ол жүзеге аспаған. Адвокаттың сөзінше, үкім заңды күшіне енген. Жоғарғы сот адвокаттың айыптау үкімін қайта қарау туралы өтінішінен бас тартқан. Енді тек бас прокурорға Жоғарғы соттың бұл іске қатысты шешіміне қарсылық танытуын сұрап өтініш білдіруге ғана мүмкіндік қалған.

Қорғаныс министрлігінің келісім-шартпен қызмет ететін әскеридің өліміне қатысты ұстанымы құрлықтағы әскердің бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Бектановтың 2017 жылы 29 наурыздағы №84 бұйрығында келтірілген. Онда қорғаныс министрінің әскери бөлімдерде, оның ішінде 61993 әскери бөлімінде "парашют бойынша (парашют-десанттарын, әуе десанттарын) дайындаудағы" талаптары өрескел бұзылғаны айтылады. Бұйрықта ефрейтор Өзбеков Ан-2 ұшағынан немесе Ми-8 тікұшағынан қару-жарақсыз алдымен сынақ үшін секіруі тиіс болғанымен, С-295 ұшағынан қару-жарақпен секіруіне рұқсат берілгені айтылған.

Бұл бұйрық арқылы кінәлілер - аэроұтқыр әскер қолбасшысынан бастап жөндеу ротасының командирі аға лейтенант Біржан Қажиевке дейін ескерту беру түріндегі қызметтік жаза қолдану шарасы белгіленген.

Сотталған Біржан Қажиевтің туыстарының айтуынша, ол сот залында қамауға алынған, қазір Алматыдағы тергеу абақтысында жазасын өтеу орнына жөнелтуді күтіп датыр. Қажиевтің кішкентай үш баласы бар, оның бірі жаңа туған.

Келісім-шартпен қызмет ететін әскери Өзбеков биыл наурызда қаза тапқан. Сот материалдары бойынша, ол парашютпен секірген кезінде оның негізгі парашюті ашылмай қалған, бұрын парашютпен секіру тәжірибесі болмағандықтан қосалқы парашютті қолдана алмай мерт болған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG