Accessibility links

ДСҰ Қырғызстанның Қазақстан жайлы шағымын қарады


Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы кеңсесіндегі жазу. (Көрнекі сурет.)
Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы кеңсесіндегі жазу. (Көрнекі сурет.)

Женевада 10 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) сауда жөніндегі кеңесінің отырысында Қырғызстанның Қазақстанмен шекарадағы жағдайға байланысты шағымы қаралды.

Қырғыз үкіметінің хабарлауынша, Бішкек делегациясы жиынға қатысушыларды шекарадағы өткізу бекеттерінде қалыптасқан жағдайдан хабардар еткен. Қырғызстан Қазақстан тарабы жүк тасымалдаушыларға шекарада кедергіні "қолдан жасап отыр" деп санайды.

"Делегация ДСҰ-ның негізгі принциптерін, мәселен, барынша қолайлы жағдай жасау режимін, ашықтықты қамтамасыз ету туралы ережені, сонымен бірге транзит еркіндігі мен кемсітпеушілік туралы қағидаттарды Қазақстанның бұзып отырғанын атап көрсетті" деп хабарлайды Қырғызстан үкіметі.

Женевадағы отырыста Қырғызстан делегациясы шекарада жүк көліктерінің қаңтарылып тұруға мәжбүр болған уақытын, көлік құралдарының ұзын-сонар кезегін, сонымен бірге, Халықаралық валюта қорының мәлімдемесіне сәйкес, қазіргі кезге дейін 200 миллион доллардан асып отырған экономикалық шығын көлемін көрсететін нақты цифрлар келтірген. Болжам бойынша, шығын салдарынан Қырғызстан экономикасының даму көрсеткіші 0,3 пайызға төмендейді. Сонымен бірге жиында Қазақстан тек Қырғызстаннан шыққан немесе Қырғызстанға кіретін жүктерге ғана қатысты әлгіндей іс-шараларын мақсатты түрде қолданып отыр деп мәлімдеген Бішкек делегациясы.

Қазақстан делегациясы болса бұған дейін аймақтық ұйымдарда бірнеше мәрте мәлімдеген ұстанымын тағы қайталап, шекарада тексерудің күшейтілгенін "контрабанда" және "заңсыз тауар тасымалына" қарсы күрес қажеттігімен, санитарлық және фитосанитарлық бақылау талаптарымен түсіндірді деп хабарлайды Қырғызстан үкіметі.

Қазақстан үкіметінің ресми сайтында Женевадағы жиынға Қазақстан делегациясының қатысқаны жайлы ақпарат жоқ.

Қырғызстан делегациясы Қазақстан тарабы келтірген дәлелдердің әрқайсысына жауап беріп, ДСҰ-на мүше мемлекеттерді қалыптасқан жағдайға объективті баға беруге, ал Қазақстанды ДСҰ аясында алған міндеттемелерін мүлтіксіз орындауға шақырған.

Женевадағы жиында Оңтүстік Корея, Жапония және Молдова делегациялары шекарадағы ахуалды екіжақты кеңесулер арқылы тезірек ретке келтіруге шақырған.

Оқыңыз: Қазақ-қырғыз үкімет тартысы көпке қиын тиді

Қазақстанның 10 қазаннан бастап Қырғызстанмен шекарасындағы бақылауды күшейткеннен кейін бақылау-өткізу бекеттерінде бірнеше шақырымға созылған ұзын-сонар кезек пайда болған. Әсіресе тез бұзылатын өнімдер тиеген үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері бұл шараның кесірінен қатты зардап шеккені туралы шағымданған.

XS
SM
MD
LG