Accessibility links

Сағынтаев EXPO көрмесі өткен нысандарда болды


EXPO территориясындағы "Нұр Әлем" нысаны. Астана, қыркүйек, 2017 жыл.
EXPO территориясындағы "Нұр Әлем" нысаны. Астана, қыркүйек, 2017 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін Астанадағы EXPO көрмесі кешені территориясындағы нысандарды аралап көрді. Биыл қыркүйекте көрме жұмысын аяқтағаннан кейін билік бұл нысандар әзірленген тұжырымдамаға сәйкес пайдаланылатын болады деп мәлімдеген.

Премьер-министр сайтының хабарлауынша, Сағынтаев көрменің орталық нысаны болған "Нұр Әлем" павильонында болған. "Болашақ музейі" деп аталатын нысанның қабаттарында сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқылы энергияның негізгі түрлері - ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика энергиясы көрсетілген" делінген премьер-министр сайтындағы ақпаратта.

Жергілікті ақпарат агенттіктері EXPO мұрасы атты нысандар 11 қараша күні 11 сағат 11 минутта ашылғаны туралы хабарлады.

Осының қарсаңында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов реконструкциялық жұмыстар жүргізілген EXPO территориясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша халықаралық қаржы орталығы, моделін Астанадағы Назарбаев Университетпен бірлесіп әзірлеп жатқан кәсіби білім орталығы, IT стартаптар технопаркі орналасады деп айтқан.

Астанадағы EXPO - 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі биыл 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін өткізілді. "Болашақ энергиясы" тақырыбына арналған көрмеге, биліктің мәліметі бойынша, 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, осы шараны төрт миллионға жуық көрермен тамашалаған. Көрмеге дейін және оның жұмысы кезінде кей бюджеттік мекемелердің қызметкерлері өз қаржыларына бағасы бірнеше мың теңге тұратын EXPO көрмесі билеттерін сатып алуға мәжбүрлеп жатқаны туралы шағым айтқан.

Астанадағы көрмені аралап қайтқан америкалық Foreign Policy басылымының шолушысы, журналист Джеймс Палмер "Қазақстан ажал жұлдызына бес миллиард доллар жұмсады, бірақ ол тіпті лазермен атқылай алмайды" атты мақаласында дамушы елдерде EXPO тәрізді іс-шараларды билік (азайып бара жатқанымен) үлкен халықаралық аудиторияда өз маңыздылығын көрсетудің сирек мүмкіндігі санайтыны" туралы жазған. Осы мақала шыққаннан кейін Foreign Policy сайтын Қазақстаннан ашу қиындап кеткен еді. Қазақстан үкіметі америкалық басылым сайтының ықтимал бұғатталуына қатысы жоғын мәлімдеген.

Оқыңыз: ЕХРО және қаңыраған көрме

"Астана "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы өкілі Джеймс Палмер Қазақстанға келмей, мақаланы әлдебіреудің сөзіне еріп жазған деп мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Палмер Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі соғылған паспорты мен көрмеге кіру үшін сатып алған билеттерінің суреттерін Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған. Батыстың кей басылымдары Палмердің мақаласынан туған жанжалды Қазақстандағы "пиар-апат" деп атады.

XS
SM
MD
LG